- Дулат Смағұлов есімді желі қолданушысы қазақтың амандасу әдебі мен ұлттық салт-дәстүрдің терең мәнін тарқатып, жасы мен жолы сақталмаған жағдайда амандасудың өзі өрескелдікке айналатынын еске салады.
Қазақ ұғымында амандасу – жай ғана сәлемдесу емес, адам мен адам арасындағы рухани шекараны айқындайтын мәдени өлшем. «Ассалаумағалайкум» сөзі «Сізге амандық тілеймін, Алланың қамқорында болыңыз» деген мағына береді. Осы бір ауыз сөз арқылы-ақ қазақ үлкенге құрмет, кішіге кішілік қағидасын орнықтырған.
Дәстүр бойынша жасы кіші адам үлкенге бірінші болып сәлем береді. Бұл – әдеп. Алайда жасы үлкен адам қол ұсынбай тұрып, жасы кішінің өзі бірінші болып қол созуы дұрыс саналмаған. Мұндай әрекет әдепсіздік емес, бірақ жол-жоралғыны білмеудің белгісі ретінде қабылданған. Ең абыройлы амандасу – басыңды сәл еңкейтіп, оң қолыңмен жүрек тұсын басу.
Ал «Ассалаумағалайкумнан» кейін үлкен адамның өзі қолын ұсынса, бұл – ерекше құрмет. Қазақ танымында мұндай ишара батамен тең бағаланған. Сондықтан да амандасудағы әрбір қимылдың өзіндік орны мен мәні бар.
Дулат Смағұлов өз жазбасында қазақ қоғамында амандасудың сан түрлі үлгілері болғанын еске салады. Қамшыны кеудеге ұстап сәлем беру, төс қағыстыру, көрісу, ат үстінде тұрып қамшы көтеру – барлығы да қарым-қатынас деңгейіне қарай қалыптасқан. Ал қолдың ұшын ғана беру салқындықтың, өзін жоғары қоюдың белгісі ретінде қабылданған.
Бұл қағидалардың барлығы кездейсоқ емес. Қазақтың амандасу дәстүрі этнография, психология, педагогика салаларында зерттеліп, ғылыми еңбектерде дәлелденген. Яғни бұл – тұрмыстық әдет қана емес, қоғамды іштен тәртіпке келтіретін рухани жүйе.
Өкінішке қарай, бүгінде әсіресе жастар арасында бұл тәртіп жиі ескерілмей жатады. Мектеп жасындағы балалардың үлкендерге бірінші болып қол созуы – тәрбиесіздіктен емес, бұл жөнінде дер кезінде түсіндірілмегендіктен. Автордың айтуынша, кейбір үлкендердің «қолым кір» деп жұдырық ұстатуы да мәдениетке жат әрекет.
Автор бұл мәселені тек жастарға ысыра салмай, үлкендерге де ой тастайды. Өйткені дәстүрді сақтау – талап қою емес, үлгі көрсету. Кейбір елдерде жастарға үлкенге қол ұсынбау тәртібі мектептен бастап үйретілсе, бізде бұл жүйе көбіне ескерусіз қалып келеді.
Дулат Смағұловтың танымдық жазбасы көпшілікке қарапайым көрінетін амандасудың өзінде қаншалықты терең мағына бар екенін тағы бір еске салды. Ұлттың мәдени деңгейі осындай ұсақ көрінетін, бірақ маңызды қағидалардан басталатыны анық.
