«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

«272 475 теңгеге дейін өседі»: Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшері арттырылады

2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі бірден 10 пайызға ұлғаяды. Бұл өзгеріс базалық және ынтымақты зейнетақыларға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің барлық санатына қатысты болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына теңестіріліп, 35 596 теңгеге жетеді. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін өсіп, 60 005 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан, жасы 70-тегі азамат 2025 жылы бюджеттен 171 588 теңге зейнетақы алған. 2026 жылғы индексацияны ескергенде, оның зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл сомаға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін қаражат кірмейді.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап біржолғы және ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды. Атап айтқанда, бала тууына байланысты төленетін біржолғы жәрдемақы:

– бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңгеге дейін,
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңгеге дейін өседі.

Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де артады. Мәселен, 4 баласы бар отбасылар 69 330 теңге, ал 10 баласы бар отбасылар 173 000 теңге алады.

Мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақылар да көбейтіледі. 2026 жылдан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдар 111 872 теңге, II топтағылар 89 498 теңге, III топтағылар 61 021 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға индексацияланады. Бұл төлемдер мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде тағайындалады және азаматтың табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.

Ұқсас жаңалықтар

Бектенов: Министрлер мен әкімдер нақты нәтиже көрсетуі тиіс

Бас мүфти 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады

Штраф за объезд ямы: в Актобе водителей наказывают за аварийную дорогу.