Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған Алматы қаласындағы қонақ үй ғимараты мемлекет меншігіне өтті. Алматы қаласы бойынша департаменттің мәліметінше, нысан 2023 жылғы 1 тамызда жасалған №15 сыйға тарту шарты негізінде мемлекетке берілген.
Келісім Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің тиісті бұйрығына сәйкес рәсімделген. Сыйға тартылған жылжымайтын мүліктің жалпы аумағы 9 461,6 шаршы метрді құрайды. Қонақ үй ғимараты Алматы қаласының Бостандық ауданында, Көктем-3 шағынауданында, Есентай өзенінің жағасында орналасқан.
Аталған нысан 2017 жылы пайдалануға берілгенімен, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталмаған. 2022 жылдың қыркүйегінде ғимарат krisha.kz сайтында 5,2 млрд теңгеге сатылымға шығарылған. Кейін, 2023 жылы оның бағасы 4,74 млрд теңгеге дейін төмендеген.
2025 жылдың наурыз айында ғимарат ішінде құрылыс қалдықтары өртеніп, өрт оқиғасы тіркелген. Алайда тілсіз жау дер кезінде ауыздықталған.
Қайрат Сатыбалдыұлы — Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі. Ол 2022 жылдың наурызында «Қазақтелеком» компаниясынан қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінде 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 2024 жылғы 16 тамызда Өскемен қалалық №2 соты келтірілген залалдың толық өтелуіне байланысты жазаны бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды.
Ресми мәліметке сәйкес, Қайрат Сатыбалдыұлының заңсыз жолмен тапқан активтерін мемлекетке қайтару процесі 2024 жылдың тамыз айында аяқталған. Жалпы құны 732,8 млрд теңгені құрайтын мүлік мемлекет меншігіне өткізілген.
