«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратҚұқық

“Алтын Орда” базарының бұрынғы иесі Нұрбол Назарбаевты сотқа берді

«Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Құсайынов Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевты сотқа берді. Іс материалдарына сәйкес, Құсайынов жауапкердің «негізсіз баюына» жол берілген деп санайды және одан 15 млрд 171 млн теңге өндіруді талап етіп отыр.

Сот процесі жүріп жатқан кезеңде Нұрбол Назарбаевқа тиесілі жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ банк шоттарындағы қаражатқа талап сомасы көлемінде тыйым салынды. Сот бұл шешімді жауапкер кейін сот актісін орындаудан жалтаруы мүмкін деген уәжбен негіздеген. Қаулыны дереу орындау қажеттігі көрсетілген.

Айдарбек Құсайыновтың есімі Назарбаевтар әулетіне және «Алтын Орда» базарына қатысты сот дауларында бұған дейін де аталған. «Алтын Орда» — Алматы қаласындағы ірі базарлардың бірі. Ұзақ уақыт бойы ол Болат Назарбаевпен байланыстырылып келді. Нысан төңірегіндегі мәселелер 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін ашық айтыла бастады. Сол жылы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп орнатуды тапсырғаннан кейін тексерістер жүргізіліп, мәселе Парламентте де көтерілді.

Дегенмен, 2013 жылға дейін Болат Назарбаевтың базарға тікелей қатысы болмаған. Ол кезде «Алтын Орда» Kurylys LTD компаниясына тиесілі еді, ал Құсайынов компанияның 39 пайыз үлесін иеленген. Сот материалдарына сәйкес, сол жылы компания айналасында Серік Апсапаров есімді тұлға пайда болып, басқа акционерлердің 60 пайыз үлесін иеленуге әрекет жасаған. Тергеу деректерінде ол акционерлерге қысым көрсетіп, нәтижесінде олардың үлестері Болат Назарбаевтың атына «сыйға» берілгені айтылады. Кейін Құсайынов та өз үлесін 1,3 млн долларға сатуға мәжбүр болғанын, ал шынайы құны бұдан бірнеше есе жоғары болғанын мәлімдеген. Осылайша 2013 жылдың жазында Болат Назарбаев базардың жалғыз иесіне айналған.

2023 жылы сотта Серік Апсапаров рейдерлік бойынша кінәсін мойындап, үш жылға шартты жаза алғаны хабарланған. Оның мүлкі тәркіленбеген.

Құсайынов кейін құқық қорғау органдарына жүгініп, тергеу бастауға қол жеткізген. Алайда көп ұзамай базар сенімхат арқылы үшінші тұлғаларға сатылып кеткен. Осыдан соң ол Болат Назарбаевқа және базарға қатысы бар компанияларға қарсы бірқатар талап арыз берген. Талапкер өз үлесін қайтаруды, моральдық зиянды және жіберіп алған пайданы өтеуді сұраған. Оның есептеуінше, базар жылына 12–15 млрд теңге табыс әкелген, ал өзі он жыл ішінде шамамен 50 млрд теңге пайдадан айырылған.

Сонымен қатар ол Болат Назарбаевтан 5 млрд теңге моральдық зиян өндіруді талап етіп, қысым мен қорқыту болғанын алға тартқан. Алайда сот Болат Назарбаевтың әрекеттері Құсайыновқа моральдық зиян келтіргенін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмағанын атап өтті. Сондай-ақ Назарбаевтың аталған істер бойынша фигурант болмағаны көрсетілген.

Нәтижесінде сот Айдарбек Құсайыновтың талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Шешімде ұсынылған дәлелдердің жеткіліксіз екені және талап қою мерзімінің өтіп кеткені айтылған.

Ұқсас жаңалықтар

Түрмедегі екі мыңнан астам әйел бостандыққа шығуы мүмкін

Redaktor Shyn-Ar

SMS-кодсыз кіру мүмкін емес: Қазақстанда ЭЦҚ кілтін қайта шығару тәртібі өзгерді

Қазақстанда соңғы қоңырау қай күні соғылады?

Redaktor Shyn-Ar