«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

Абай облысында ауылға қоныс аударғандарға 6% несие және 1,5 млн теңге беріледі

Семей қаласында «Қаладан – ауылға» атты пилоттық жоба іске қосылды. Бастама аясында қала тұрғындарына шалғай ауылдық елді мекендерге қоныс аудару ұсынылып отыр. Жоба ауылдық аумақтарды дамытуға, кадр тапшылығын азайтуға және халық санын арттыруға бағытталған.

Әкімдік мәліметінше, көшіп келушілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Отбасыларға тұрғын үй ұсынылып, 10 сиыр мен бір жылқы беріледі. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа орналастыру қарастырылған.

Семей аумағындағы Абай ауданы Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға басымдық берілетінін айтты.

Бағдарламаға қатысушыларға бастапқы жарна үшін 1,5 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек ұсынылады. Бұл қаражатты жеке кәсіп ашуға немесе мал шаруашылығын дамытуға пайдалануға болады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие мен гранттар қарастырылған.

Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нурлан Назарханов өткен жылы екі отбасының көшіп келгенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы он жылда ауылға жаңа тұрғындардың келуі сирек құбылыс болған.

Қазіргі таңда Абай облысы аумағында 600 мыңнан астам адам тұрады. Оның 222 мыңы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Өңір басшылығы ауылдардың әлеуеті жоғары екенін айтып, халық санын көбейтуді көздеп отыр.

Облыс әкімі Берік Уәли ауылдарды жаңғырту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және экономиканы дамыту негізгі мақсат екенін мәлімдеді.

«Қаладан – ауылға» жобасы 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Бастаманың түпкі мақсаты – ауыл экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашу және елді мекендердің тартымдылығын арттыру.

Ұқсас жаңалықтар

Европейская неделя иммунизации стартовала 27 апреля в Казахстане

Шерзат Полат ісі қайта қаралатын болды

Алматы қаласына жаңа мәртебе беріледі