«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістердің көп бөлігін Президенттің өзі ұсынды – дейді Ерлан Қарин

26 ақпан күні «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақтөбе облысының активімен кездесті. Іс-шара барысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елдің жаңа Ата Заң жобасы қалай әзірленгені туралы маңызды әрі қызықты деректермен бөлісті. Оның айтуынша, Президент тек реформаларды бастамашы қана емес, жаңа Конституцияның негізгі ережелерінің тікелей авторы болды.

«Президенттің мемлекеттік құндылықтарға деген ерекше көзқарасының айқын көрінісі – мәтіндермен жұмыс істеу мәдениеті. Қасым-Жомарт Кемелұлы әртүрлі құжаттармен жұмыс істегенде өз сөздерінде “Егемендік” және “Тәуелсіздік” ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазады», – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, бұл тек стилистикалық ерекшелік емес, елдің жоғары басшылығы ұстанатын қағидатты көзқарас.

«Президенттің ойынша, біз де осылай есептейміз: бұл сөздер – қасиетті, қастерлі ұғымдар. Жаңа Ата Заң мәтінінде де осы ұстаным сақталды», – деді ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибесі мол басшы – ол мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі ең жоғары лауазымдарда қызмет атқарған. Мұндай қызметтерде әрбір сөздің дәлдігі өте маңызды. Сол себепті Президент әр тұжырымға айрықша мұқият қарайды.

«Ол ұзақ жылдар Парламентте, Үкіметте, халықаралық ұйымдарда қызмет атқарды. Сондықтан құжаттармен жұмыс істеудің барлық нюансын жақсы біледі, әрбір сөздің салмағын түсінеді», – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, Президент реформаларды басқарумен шектелмей, жаңа Ата Заңның әрбір ережесін жеке өзі мұқият әзірлеуге тікелей араласқан. Оның бастамасымен Конституцияға іргелі өзгерістер енгізілді.

«Мемлекет басшысы Парламенттік және Конституциялық реформалар аясында ұсынылған әр бастаманы жеке зерделеді. Сондықтан жаңа Конституциядағы негізгі әрі қағидатты өзгерістердің көп бөлігін өзі ұсынды. Мысалы, жаңа Преамбула Президенттің тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Сол сияқты қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа нормалардың авторы да – өзі», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Сөз соңында Ерлан Қарин Жаңа Конституцияда Президенттің анық қолтаңбасы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлын құжаттың негізгі авторларының бірі деп айтуға толық негіз бар.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы мектептерін Kundelik-тен BilimClass-қа көшіруге сот тыйым салды

15 қыркүйектен бастап тұрғындар баспананы ұстауға үш түрлі төлем жасайды

8 НАУРЫЗ – АНАЛАР МЕРЕКЕСІ ТАРИХЫ, ИДЕОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ДІНИ ҰСТАНЫМДАР

Redaktor Shyn-Ar