Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған күдіктіге тағылған айыптар тізімі кеңейтілді. Енді ол екі бірдей бап бойынша жауапқа тартылып жатыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» және «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық» баптары бойынша тергеу жүргізілуде.
Ведомствоның хабарлауынша, күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Алайда ресми мәліметте оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілген-берілмегені нақтыланбады.
Айта кетейік, бұған дейін Индонезияда ұсталып, кейін Қазақстанға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға жатқызылған.
Қылмыстың мән-жайы
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Насипа Өтешқалиева және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар түскен.
Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Осыған байланысты олар іздеуге жарияланып, соталды тергеу басталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды. Алдымен, 6 қаңтар күні шаруашылық құрылыстардың бірінен Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева жерленген күйде табылған.
Осыдан кейін іс «кісі өлтіру» бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған қалған екі адамды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен марқұмдардың бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сонымен қатар, отбасының кенже қызы да іздеуге берілген.
Кейін ІІМ қызметкерлері Индонезиядағы әріптестерімен бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде күдікті шетелде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, оның көрсетуімен жедел топ Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Тергеу жалғасып жатыр.
