«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

МӘМС жүйесі жаңарады: Qalqan платформасы қандай өзгеріс әкеледі

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлмира Сәбденбек Qalqan платформасының не үшін құрылып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Qalqan бұрыннан бар жүйелердің үстінен қосымша платформа ретінде жасалмайды. Керісінше, бұл – Қордың қолданыстағы цифрлық жүйесін жаңғыртып, оны Қаржы министрлігінің заманауи технологиялық платформасына көшіру.

«Бұл платформаның таңдалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, онда дайын технологиялық шешімдер бар. Екіншіден, Қаржы министрлігінің интеграциялық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, жаңа инфрақұрылым құрмай-ақ, қажетті функцияларды әлдеқайда жылдам енгізуге мүмкіндік береді», – деді Сәбденбек.

Қор басшысы платформаны іске қосу үшін қосымша қаржы қажет деген ақпаратты жоққа шығарды. «Жоба денсаулық сақтау жүйесіне қосымша шығын түсірмей жүзеге асырылады», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Гүлмира Сәбденбек Qalqan медициналық ақпараттық жүйе емес екенін және Damumed секілді сервистерді алмастырмайтынын айтты.

«Платформа емдеу процесіне араласпайды және дәрігерлерге қосымша жүктеме түсірмейді. Негізгі мақсаты – қаржы ағынын ашық ету, көрсетілген қызметтерді тексеру және МӘМС қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылау. Бұл – цифрландырудың келесі кезеңі. Яғни жекелеген операцияларды есепке алудан шығындар мен олардың тиімділігін басқару деңгейіне көшу. Жаңа платформа деректерді біріктіріп, есептің ашықтығын арттырады және қаржы қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді қор басшысы.

Сәбденбектің айтуынша, Qalqan платформасының басты міндеті – әрбір көрсетілген қызметтің нақты расталуын қамтамасыз ету және МӘМС жүйесіндегі қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалау.

Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектенов МӘМС жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Осы жиында Qalqan цифрлық платформасы таныстырылып, ол жаңартылып жатқан МӘМС архитектурасының технологиялық негізі әрі «цифрлық қалқан» ретінде сипатталды.

Еске салайық, 16 қаңтарда Үкімет Медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылдаған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Менің Ресейге түк қатысым жоқ, бұл – маған деген құрметсіздік — Шайдоров

«Ішіп алып ұрған»: Құндыз бен Назгүлдің қамқоршысы басқа балаларға да күш көрсеткен

Redaktor Shyn-Ar

У казахстанца арестовали земли, торговый дом, сауну и машину на 200 млн тенге