Мәжіліс депутаттары шалғай ауылдардың жол мәселесін шешу үшін асфальттың орнына цемент негізіндегі жолдар салуды ұсынды. Олардың пікірінше, мұндай технология құрылыс құнын 6-10 есе арзандатып, елді мекендерді аудан орталықтарымен тұрақты байланыстыруға мүмкіндік береді.
Депутаттардың айтуынша, цемент, жергілікті топырақ, құм және қиыршық тас қоспасынан салынатын жолдар ұзаққа шыдайды әрі ауа райының қолайсыз жағдайларына төзімді. Бұл әдіс АҚШ, Қытай және Германия сияқты мемлекеттерде кеңінен қолданылып келеді.
Мәселен, Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Ресеймен шекаралас Майқоңыр ауылына осы күнге дейін асфальт жол тартылмаған. Тұрғындар аудан орталығына қара жолмен қатынайды. Жаңбырлы күндері, көктем мен қыста жол батпаққа айналып, көліктер өте алмай қалады.
«Жаңбырдан кейін барлық көлік тоқтап тұр. Трактордың өзі батпаққа батып қалды. Жолды айналып өтуден басқа амал жоқ», – дейді ауыл тұрғындары.
Осындай мәселе Қызылқақ пен Голубовка ауылдарының арасындағы 42 шақырымдық жолда да бар. Жолдың басым бөлігі қиыршық тас пен ой-шұңқырдан тұрады. Аудан әкімдігі биыл оның бір бөлігін жөндеуге уәде берген.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мұндай технологияны Қазақстанда да енгізу қажет екенін айтты.
«Жергілікті топырақ пен цемент негізінде салынатын жолдардың құны асфальт жолдарға қарағанда 6-10 есе арзан. Сонымен қатар олар ыстыққа да, аязға да төзімді әрі ұзақ қызмет етеді», – деді депутат.
Осыған байланысты депутаттар шалғай ауылдарда пилоттық жобаны іске қосып, арнайы «Ауыл жолдары» бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қымбат жол салудан гөрі әрбір ауылдың аудан орталығына кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету.
Алайда бастаманы жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Өйткені қазіргі талаптарда жол көбіне асфальтпен байланыстырылып келеді.
Ал Ертіс ауданы әкімдігінің мәліметінше, Майқоңыр – Бескемпе автожолын орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Құны 1 млрд теңгені құрайтын жобаны 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланған.
Депутаттардың пікірінше, жаңа бастамаға қарсылық болуы мүмкін. Себебі жол құрылысы өңірлік бюджеттердің ең ірі шығыс баптарының бірі саналады және мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары бағыттардың қатарына жатады.
