Қала әкімдігі көлік қозғалысын өзгертіп, автобус жолағын жолдың ортасынан шеткі бөлігіне көшіруді қарастырып жатыр. Себебі Тимирязев көшесіндегі қазіргі қозғалыс Әл-Фараби даңғылындағы кептелісті күшейтіп отыр деген пікір бар.
Тимирязев көшесіндегі БРТ желісі 8 жыл бұрын іске қосылған. Мұнда автобустар жолдың ортасымен қатынайды, ал тәулігіне 120 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін 2 мыңға жуық қоғамдық көлік кептеліссіз қозғалады.
Алматы қаласы жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, көлік өткізу қабілетін арттыру үшін көшеде біржақты қозғалыс енгізу және автобус жолағын шетке ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Алайда урбанистер бұл өзгеріс қоғамдық көліктің тартымдылығын төмендетіп, ұзақ мерзімде кептелісті одан әрі күшейтуі мүмкін екенін айтады.
Айта кетейік, биыл Райымбек даңғылындағы БРТ құрылысы да 39 млрд теңге бөлініп, 37%-ы орындалғанына қарамастан тоқтатылды. Мамандар бұл жобаның да қайта қаралуы немесе бұзылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
