«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының азаматтығы күмән тудырды

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің азаматтығына қатысты күмән күшейді. Бұл мәселені журналист Михаил Козачков көтеріп, халықаралық іздеуде жүрген Қапеновтің бір мезетте бірнеше елдің азаматтығына ие болуы заң талаптарына қаншалықты сәйкес келетініне назар аударды.

Журналистің мәліметінше, Азамат Қапенов қазір Қазақстан мен Ресейдің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүр. Қазақстанда оған аса ірі көлемдегі алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану күдігі тағылған. Тергеуді Қаржы мониторингі агенттігі жүргізіп жатыр, келтірілген шығын көлемі 5 миллиард теңгеден асады. Ал Ресейде Мәскеу соты оны қазақстандық кәсіпорындағы үлесті заңсыз иемденді деген күдікпен сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған.

Козачковтың айтуынша, Қапенов қазіргі уақытта Қырғызстанда жүр және өзін осы елдің азаматы санайды. Бұл оның экстрадициялануына кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі.

Журналистің жазуынша, Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғызстанның Қаракөл қаласында дүниеге келген. Кейін Бішкекте тұрған, ал 1995 жылы Алматыға көшіп келіп, ҚазМУ-да білім алған. 2001 жылы тарихи Отанына оралушы ретінде Қазақстан азаматтығын қабылдап, тиісті рәсімдерден өткеннен кейін қазақстандық төлқұжат алған.

Осыдан кейін ол Қазақстан азаматы ретінде өмір сүріп, құжаттарын бірнеше рет жаңартқан. Сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотталып, жазасын да Қазақстан азаматы ретінде өтеген. Кейін Алматы қалалық соты оны ақтаған.

Алайда 2016 жылы оның Қазақстан азаматығы тоқтатылып, жеке куәлігі мен төлқұжаты жарамсыз деп танылған. Бұған Ресей азаматтығын алғаны себеп болған.

Соған қарамастан, Қапеновтің қолында Қырғыз Республикасының жарамды төлқұжаты бары белгілі болған. Осы жайтқа тоқталған Козачков бұрынғы қырғыз заңнамасы қос азаматтыққа жол бермегенін еске салады. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтығын алған кезде Қапенов Қырғызстан азаматтығынан шығуы тиіс болған.

Журналист сондай-ақ Қапеновтің әлеуметтік желідегі парақшасында Қырғызстан азаматтығынан ешқашан бас тартпағанын мәлімдегеніне назар аударған. Егер бұл ақпарат рас болса, онда ол Қазақстан азаматтығын алған кезде Қырғызстан төлқұжатын тапсырмай сақтап қалған немесе кейін қайта рәсімдеген болуы мүмкін. Козачковтың пікірінше, мұндай жағдай Қазақстан мен Қырғызстан заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан құқық қорғау органдары тарапынан жан-жақты тексерілуі қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Меруерт Өтекешова мен декан арасындағы келіспеушілік ашық дауға айналды

«Жошы хан» сериалы түсірілімі аяқталды: Ұлы ханның өмірі экранға шықпақ

Қазақстанда Қытаймен бірлесіп үш ірі электр станциясы салынады