Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған Алматы облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Серік Шалқаров жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Ведомствоның мәліметінше, Серік Шалқаров Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне кірісті.
Еске салайық, Серік Шалқаров 2024 жылғы Талғардағы қайғылы оқиғадан кейін Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметінен босатылған болатын.
Сол кезде ІІМ шешімімен бірқатар лауазымды полиция қызметкерлері де қызметінен кетті. Олардың қатарында:
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров болды.
