«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулықЗаң

Damumed пен МӘСҚ-ға қатысты заңсыз схема: Астанада жекеменшік клиника басшысы сотталды

Астанада жекеменшік клиника басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘСҚ) шамамен 80 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Бұл туралы 2026 жылғы 14 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.

Тергеу мәліметінше, «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС-нің басшысы МӘСҚ-дан негізсіз қаржы алу үшін емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған.

ҚМА дерегіне сәйкес, бұл іске «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК-ның қызметкері де тартылған. Ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, азаматтарды емханаға тіркеуге қатысты жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.

Соның салдарынан қолданыстағы талаптарға қайшы түрде 15 мыңнан астам азамат емханаға тіркелген. Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындары, заңды өкілдерінің келісімінсіз тіркелген кәмелетке толмағандар және шетелге тұрақты немесе уақытша кеткен азаматтардың да тіркеуге енгізілгені анықталған.

Бұдан бөлек, тергеу барысында клиника басшысының DamuMed ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік қызметкерлерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың есептік жазбаларын бақылауға алғаны белгілі болды.

Осы қолжетімділікті пайдалана отырып, заңсыз тіркелген азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізілген. Соның негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы аударылып отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын шамамен 80 миллион теңгені құрады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда адам өлтіргендердің жаза мерзімін қысқарту мәселесі қаралды

В Казахстане вводят новые правила покупки SIM-карт

Астанадағы LRT екі аптада шамамен 200 млн теңге табыс тапты