«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратэкономика

Еңбек министрлігі айына 2-3,4 миллион теңге жалақысы бар бос жұмыс орындарды атады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы 2026 жылғы маусым айына қатысты еңбек нарығының ахуалы туралы мәлімет жариялады. Онда бос жұмыс орындары, жұмыс іздеушілердің белсенділігі және ұсынылатын жалақы көлемі көрсетілген.

Министрліктің мәліметінше, маусым айында жұмыс берушілер платформаға 108,7 мың бос жұмыс орнын орналастырса, жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме жариялаған.

Салалар бойынша ең көп сұраныс білім беру жүйесінде байқалды. Бұл бағытта 19,2 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ:

  • қызмет көрсетудің өзге түрлері – 16,5 мың;
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 12,1 мың;
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 9,5 мың;
  • құрылыс – 8,4 мың;
  • өңдеу өнеркәсібі – 7,3 мың бос жұмыс орны жарияланған.

Барлық вакансиялардың шамамен 25 пайызы жоғары білікті мамандарға арналған. Қалған жұмыс орындары орта және төмен білікті қызметкерлер арасында шамамен тең бөлінген.

Жұмыс іздеушілердің жартысына жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Олар барлық түйіндеменің 49 пайызын құрайды. Министрлік мұны жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің еңбек нарығына белсенді шығуымен байланыстырады. Ал 35–44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі – 25 пайыз, 45–54 жас аралығындағылар – 17 пайыз, 55 жастан асқандар – 9 пайыз. Жұмыс іздеушілердің 55 пайызы әйелдер болса, 45 пайызы – ер адамдар.

Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында тіркелген – 12,3 мың. Одан кейін Астана қаласы (8,5 мың), Жамбыл облысы (7 мың) және Қарағанды облысы (6,7 мың) орналасқан.

Маусым айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар:

  • дивизион директоры – шамамен 1,98 млн теңге;
  • басқарма басшысының орынбасары – шамамен 1,38 млн теңге;
  • ұңғыма инженері – шамамен 1,31 млн теңге.

Ал жұмыс іздеушілер күткен ең жоғары айлық көлемі мына мамандықтарда тіркелген:

  • ұшқыш – шамамен 3,4 млн теңге;
  • жүйелік сәулетші (системалық архитектор) – 2,5 млн теңге;
  • хирург-дәрігер – 2 млн теңге.

Министрліктің мәліметінше, мамыр айындағы бәсеңдеуден кейін маусымда Enbek.kz платформасында іскерлік белсенділік қайта жанданып, сұраныс пен ұсыныс жыл басынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.

Қазіргі таңда жұмыс берушілер әлеуметтік сала, қызмет көрсету және маусымдық жұмыстарға мамандарды белсенді іздеуде. Ал еңбек нарығына жаңадан қосылған жастардың, әсіресе оқуын енді аяқтаған түлектердің саны артқан.

Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 604,4 мың бос жұмыс орны жарияланып, 736 мың түйіндеме орналастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы орташа айлық жалақы көлемі 445 мың теңге болғаны хабарланған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Үлкенге қол созу – әдеп пе, әдепсіздік пе?

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 600 миллион доллар қарыз алайын деп отыр

Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа табыс 252 мың теңгеден асты

Redaktor Shyn-Ar