Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер тест тапсырады: өтініш қабылдау басталады
Қазақстан азаматтығын алуға ниетті азаматтар үшін тестілеуге өтініш қабылдау 10-20 тамыз аралығында жүргізіледі. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, емтихан 22 тамызда өтеді.
Тестілеу үш бағытты қамтиды: қазақ тілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері және Қазақстан тарихы.
Емтихан барысында барлығы 100 балл жинауға болады. Тестілеуден өту үшін кемінде 50 балл қажет.
Тест құрылымы төмендегідей:
- Қазақ тілі – 30 тапсырма, шекті балл – 15;
- Конституция негіздері – 40 тапсырма, шекті балл – 20;
- Қазақстан тарихы – 30 тапсырма, шекті балл – 15.
Қазақ тілі бойынша тапсырмалар қазақ тілінде беріледі. Конституция мен Қазақстан тарихына қатысты сұрақтарды қазақ немесе орыс тілінде орындауға болады.
Тестілеуге 2 сағат 10 минут уақыт беріледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға емтихан кезінде қосымша 30 минут қарастырылған.
Тестілеуге қатысу құны — 14 693 теңге. Ал емтиханға алдын ала дайындалып, білім деңгейін тексергісі келетіндер сынақ тестін 3 355 теңгеге тапсыра алады.
Өтініштер app.testcenter.kz платформасы және Ұлттық тестілеу орталығының UTO қосымшасы арқылы қабылданады.
Тестілеуге қатысты толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы «Азаматтық алуға үміткерлерге» бөлімінде жарияланған.
