«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров отандастарын Қазақ тазысы мен төбеті күнімен құттықтады.

Оның айтуынша, тазы – қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі. Жеті қазынаның біріне саналатын ұлттық ит тұқымы адалдықтың, ептілік пен күштің символы ретінде бағаланады.

Ғасырлар бойы Ұлы дала төсіндегі көшпенділер өмірімен біте қайнасқан тазы мен төбет халқымызды ата-баба дәстүрімен, тарихымен және туған жерге деген құрметімен байланыстырады.

Айбек Смадияровтың сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтап, көбейтуге және оларды халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасымен соңғы жылдары осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтуға бағытталған заң күшіне енді. Сонымен қатар Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды.

2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.

Бүгінде қазақ тазылары халықаралық ірі көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді көбейту жұмыстары да қарқын алып, тазы асыраушылардың қатары артып келеді. Ал Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

«Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған. Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам», – деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін қазақ тазысының халықаралық деңгейде алдын ала мойындалуы жаңа кезеңнің бастамасы екені туралы жазған болатынбыз.

Ұқсас жаңалықтар

ЖИ мәселесіне жауапты жаңа вице-министр келді

65 жастан асқан жүргізушілерді қалай тексереді: жаңа талапқа түсініктеме берілді

Баласы аулада боқтаса, ата-анаға айыппұл салынады

Redaktor Shyn-Ar