Астанада академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алып жүрген Қырғызстаннан келген екі студент қыздың қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы айтқан даулы сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Өздерін Аруке және Эдина деп таныстырған студенттердің тікелей эфирінен үзінді әлеуметтік желілерде тараған. Эфир барысында Кенесары хан туралы әңгіме қозғалып, студенттердің бірі ханның бас сүйегіне қатысты «Біз одан шарап ішеміз» деген мазмұнда сөз айтқан.
Бұл сөздер қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік студенттердің әрекетін қазақ халқының тарихына, ұлттық құндылықтарына және Кенесары ханның рухына құрметсіздік деп бағалады. Кейбір қолданушылар олардың әрекетіне құқықтық баға беруді және Қазақстанда болу заңдылығын тексеруді талап етті.
Кейін студенттер әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, айтқан сөздері үшін қазақ халқынан кешірім сұрады.
«Біз сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болса да, өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды. Біз ешқашан қазақ халқын кемсітуді немесе қаралауды мақсат еткен жоқпыз», – деді олар.
Студенттердің айтуынша, тікелей эфир барысында блогер тарапынан арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойылған. Алайда қыздар мұны өз сөздеріне ақтау ретінде қарастырмайтынын атап өтті.
Аруке мен Эдина қазақстандықтарды қорлауды немесе халықтар арасында араздық туғызуды көздемегенін айтып, болған жағдайға өкінетінін жеткізді. Олар қырғыз халқынан, ұстаздары мен тәлімгерлерінен және ата-аналарынан да кешірім сұрап, бұдан былай мұндай жағдайға жол бермеуге уәде етті.
