«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратДенсаулық

ДӘРІГЕР НАУҚАСТЫҢ ТӘНІН ҒАНА ЕМЕС, ЖАНЫН ДА ЕМДЕЙ БІЛУІ КЕРЕК – ӘСКЕРБЕК ЖАРМАҒАНБЕТҰЛЫ

Медицина – тек білім мен біліктілікті ғана емес, үлкен жүрек пен шексіз жауапкершілікті талап ететін сала. Әсіресе, балалар хирургиясында әрбір шешімнің артында бір баланың тағдыры, бір отбасының үміті тұрады. Сондықтан бұл жолды таңдаған жанға кәсіби шеберлікпен қатар, төзім, табандылық және адамға деген ерекше мейірім қажет. Осындай қасиеттерді бойына жинаған жандардың бірі – медицина ғылымдарының докторы, профессор, отандық балалар жақ-бет хирургиясы мектебінің негізін қалаушылардың бірі Әскербек Жармағанбетұлы.

Алпыс жылға жуық уақытын медицинаға арнаған ғалым мыңдаған науқасқа ота жасап, талай баланың өміріне араша түсті. 150-ден астам ғылыми еңбектің, балалар жақ-бет хирургиясына арналған бес оқу құралының және 15 өнертабыс патентінің авторы атанды. Ғалымдық ізденісімен қатар, ұстаздық қызметті де өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Біз ғалыммен балалық шағы, хирургияға келу жолы, кәсіби өміріндегі қиындықтар, есте қалған операциялар, балалар денсаулығы және бүгінгі медицинаның мәселелері туралы әңгімелестік.

– Әскербек Жармағанбетұлы, әңгімемізді өмір жолыңыздан бастасақ. Медицина саласына келуіңізге не себеп болды? Дәрігер болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?

– Мен Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келіп, сол жерде өстім. Әкем Жармағанбет Есімұлы 1941 жылдың 27 маусымында өз еркімен броньнан босатылып, Қызылорда облыстық әскери комиссариатынан рұқсат алып, соғысқа аттанған. Ал мен сол жылдың 15 шілдесінде дүниеге келдім. Яғни әкем мені көріп үлгермей, майданға кеткен екен.

Мен алтыншы сыныпта оқып жүргенде әкемнің соғыстан оралмайтыны белгілі болды. Өкінішке қарай, отбасымызға қаралы хабар – «қара қағаз» келді. Біз төрт ағайынды едік. Анамыз ешкімге алақан жаймай, төрт баланы жалғыз өзі өсірді. Ол кісінің қайсарлығы мен еңбекқорлығы бізге үлкен өнеге болды. Анам мен тетелес ағам мектепті күміс медальмен бітірді. Өзім де сабақты жақсы оқып, мектепті үздік аяқтадым. Сол кезден бастап алдыма үлкен мақсат қойдым: мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына түсуім керек!

Бір кезде Мәскеу мемлекеттік университетіне (МГУ) түсемін деп армандадым. Үйдегілерге: «Маған тек жол қаражатын берсеңіздер болды. Қалғанын өзім реттеймін. Емтиханнан өте алмасам, өзіме өкпелеңіздер», – дейтінмін. Анам шілтер тоқитын. Соған қарап отырып, мен де тоқуды үйреніп алдым. Қол қусырып отыруды ұнатпайтынмын.

Мектепті бітіретін жылы біздің құжаттарымызды алтын медальға ұсыну үшін аудандық комиссияға жіберді. Мұғалімдеріміз жақсы пікір бергенімен, бес оқушының ешқайсысы алтын медаль ала алмады. Сонда бір жыл жұмыс істеп, содан кейін Мәскеуге оқуға түсемін деп шештім. Дәл сол уақытта Алматыдан медициналық институттың қабылдау комиссиясы келді. Олар маған стоматология факультетіне түсуге кеңес берді. Алғашында келіспедім. Өйткені менің ойымда тек хирургия болатын. Ауданымызда екі мықты хирург бар еді. Бүкіл халық соларға баратын. Олардың операция жасағанын көріп, ерекше қызығатынмын. Мен де солар секілді хирург болуды армандадым. Ақыры 1959 жылдың шілде айында Алматы медициналық институтына құжат тапсырып, емтиханға қатыстым. Ішімде толқу да, үміт те болды. Сөйтіп, стоматология факультетіне оқуға түстім. Бірақ бір нәрсені бірден айттым: «Мен стоматолог боламын деп келген жоқпын, хирург боламын» деп.

– Стоматология факультетінде оқи жүріп, хирургияға деген қызығушылығыңызды қалай дамыттыңыз? Алғашқы тәжірибеңіз есіңізде ме?

– Мен үшін оқу аудиториямен ғана шектелген жоқ. Бірінші курстан бастап-ақ бос уақытымды клиникада өткізуге тырыстым. Операция жасалып жатқан бөлмеге кіріп, дәрігерлердің қимылын бақылағым келетін. Алғашында ең қарапайым жұмыстардан бастадым. Науқастарды жуындыратынмын, операцияға дайындық жұмыстарына көмектесетінмін. Ол үшін ешқандай ақы төленбейді. Бірақ менің мақсатым ақша табу емес, үйрену еді. «Бүгін бір нәрсе көрсем, ертең соны түсінемін, арғы күні өзім де жасай аламын» деп ойлайтынмын. Операцияларға ассистент болып жиі қатыстым. Кейде хирургиялық тәжірибе жинау үшін сабақтан да қалып қоятынмын. Қазір ойласам, ол кезде білімге деген құштарлығым өте күшті болған екен.

Үшінші курста жүріп соқырішекке ота жасауға мүмкіндік алдым. Әрине, оған дейін талай операцияны бақылап, ассистент болып, хирургтардың әрбір әрекетін зерделегенмін. Бір күні тәжірибелі хирург маған операцияның қалай жасалатынын қағазға түсіріп беруді тапсырды. Мен бәрін рет-ретімен сызып, түсіндіріп бердім. Ол менің дайын екеніме көзі жеткен соң, операция жасауға келісімін берді. Алғашқы хирургиялық қадамдарымның бірі күбірткіден басталды. Біртіндеп тәжірибемді жетілдірдім. Мен үшін хирургия жай ғана мамандық емес, өмірлік мақсатқа айналды. Институтты жақсы бітірген соң да хирург боламын деген ұстанымымнан айнымадым. Стоматологияның ортопедиялық бағытына бармайтынымды, тіс салумен айналыспайтынымды айттым. Менің бар арманым – ота жасау еді.

– Сіздің кәсіби қалыптасуыңызда студенттік жылдар мен ұстаздардың ықпалы ерекше болғаны байқалады. Ал аспирантураға дейінгі еңбек жолыңыз қалай өрбіді?

– Алматы медициналық институтын 1964 жылы жоғары бағамен бітірдім. Институтты аяқтаған соң онкологиялық бағыттағы медициналық мекемеге жолдама алдым. Ол кезде қатерлі ісік аурулары өте көп еді. Бас, мойын, жұтқыншақ аймағындағы ісіктерді емдеудің үш негізгі тәсілі қолданылатын: сәулелік терапия, химиялық терапия және хирургиялық ота. Сол жерде екі жылдай еңбек еттім. Осы кезеңде онкологиялық аурулардың қаншалықты ауыр екенін, дәрігердің әрбір шешімі қандай жауапкершілік жүктейтінін терең түсіндім.

Сол жылдары академик Балмұханов ағамыз маған жұтқыншақ ауруларындағы ісіктер тақырыбында зерттеу жұмысын тапсырды. Екі жылға жуық материал жинап, ғылыми ізденіспен айналыстым. Бірақ менің жүрегім балалар хирургиясына, жақ-бет хирургиясына жақын еді. Сондықтан өзіме басқа бағыт таңдауым керек екенін түсіндім. Кейін Мәскеудегі Орталық дәрігерлерді жетілдіру институтына аспирантураға түсуге мүмкіндік туды. Құжаттарымды дайындап, емтихандарды тапсырдым. Сөйтіп, жақ-бет хирургиясы мамандығы бойынша аспирантураға қабылдандым.

1966-1969 жылдары Мәскеуде аспирантурада білім алып, ғылыми және практикалық тәжірибемді шыңдадым. Ғылыми зерттеулермен айналысып, ғылым кандидаты дәрежесін алдым. Ол кезең кәсіби қалыптасуыма үлкен әсер етті. Ғылымға тереңірек үңіліп, хирургияның тек қолдың ептілігі емес, үлкен зерттеуді, ізденісті, ойлауды қажет ететін сала екенін түсіндім. Аспирантураны тәмамдап, Алматыға оралғанымда кафедрада бос орын болмады. Сол кезде балалар хирургі, профессор Камал Ормантаевқа барып, жағдайымды түсіндірдім. Ол кісі мені өз кафедрасына жұмысқа қабылдады. Балалар хирургиясында жұмыс істеу – мүлде бөлек мектеп. Әсіресе, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларды емдеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір жыл ішінде талай күрделі жағдайды көрдім. Сабақ бердім, ота жасадым, тәжірибе жинадым.

– Сіз медицинадағы жауапкершілік туралы айтқанда, дәрігердің қателігі кейде орны толмас өкінішке әкелетінін де меңзедіңіз. Осындай жағдайлардың бірінде өз ұстанымыңызды ашық білдірген екенсіз…

– Иә, ол оқиға әлі есімде. Қаскелеңде дәрігердің қате диагноз қоюынан үш бала қайтыс болды. Балаларға өкпе ауруы деген диагноз қойылғанымен, шын мәнінде, оларда соқырішек болған екен. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, дәрігердің кәсіби жауапкершілігі қаралды. Камал Ормантаев ағамыз мені сол жиналысқа қатысуға шақырды.

Жиналыста көпшілік дәрігерді ақтауға тырысты. Мен бұған келісе алмадым. Себебі дәрігердің бір ғана қателігі үш баланың өмірін қиды. Артында қаншама адам қалды: ата-анасы, ата-әжесі, туыстары. Бір баланың қазасы – бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің қайғысы. Сондықтан мен өз пікірімді айттым. Дәрігердің жауапкершілігі ескерусіз қалмауы керек. Бірақ оған қатысты шешім де әділ болуы тиіс. Сол себепті оның белгілі бір мерзімге дәрігерлік қызметтен шеттетіліп, фельдшерлік қызметке ауыстырылуын ұсындым. Әрине, көпшілік шулап кетті. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – балалардың тағдыры мен дәрігерлік жауапкершілік еді.

Соқырішек пен басқа аурулардың кейбір белгілері ұқсас болуы мүмкін. Дегенмен науқасты мұқият қарап, қажетті тексерулерді жүргізсе, мұндай қателіктің алдын алуға болады. Дәрігер ешқашан «бәрін білемін» деп тоқмейілсуге болмайды. Медицинада өзіңе деген сенім керек, бірақ сол сенім жауапкершіліктен жоғары тұрмауы тиіс.

– Сіздің өмір жолыңызда Семей кезеңінің де орны ерекше. Сол жылдары ядролық сынақтардың зардаптарын зерттегеніңізді айттыңыз. Бұл ғылыми ізденісіңізге қалай әсер етті?

– Семейге барған кезімде алдымнан мүлде басқа әлем ашылды. 1970-1980 жылдары Семей медицина институтында ассистент, кейін доцент қызметтерін атқардым. Ол жақта сегіз жылдай жұмыс істедім. Семей ядролық полигонының зардабын тартқан балалардың жағдайын зерттедік. Әсіресе, туа біткен ақаулар мен күрделі патологиялар назарымызда болды. Ол кезде бұл тақырыптарды ашық зерттеп, жариялау оңай емес еді. Көп мәселе құпия сақталатын. Мен диссертациялық жұмысымды осы бағытта жазып жүрдім. Бірақ бір күні арнайы қызмет өкілі келіп, зерттеуімнің мазмұнын білетінін айтты. Тіпті бұл туралы ешкімге, әйеліме де айтуға болмайтынын ескертті. Диссертациялық материалдарымды алып кетті.

1976 жылы мұндай тақырыптарды ашық қозғауға рұқсат болмаған. Балалардың жағдайын ерекше балалар деп қана сипаттауға мүмкіндік берілді. Сөйтіп, сегіз жылға жуық жинаған еңбегімнің нәтижесін толық жариялай алмадым. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Ғалым үшін жылдар бойы жинаған материалының аяқсыз қалуы оңай емес. Кейін басқа бір өзекті тақырыпты зерттей бастадым, оған да рұқсат болмады. Осылайша, біраз уақытым ғылыми ізденістердің шектеулерімен күресуге кетті.

Семейде жүргенде ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне де ерекше назар аудардым. Болашақ аналардың денсаулығы мен еңбек жағдайының дүниеге келетін баланың денсаулығына әсерін зерттеу қажет деп есептедім. Осы бағытта әріптестеріммен бірге ғылыми зерттеулер жүргізіп, жүкті әйелдерге жүктіліктің 5-12 аптасы аралығында жалақысы сақталатын демалыс беру жөнінде ұсыныс көтердім.

Өйткені ұрықтың негізгі мүшелері мен жүйелері дәл осы кезеңде қалыптаса бастайды. Болашақ ананың денсаулығы, еңбек жағдайы, тамақтануы мен психологиялық жай-күйі баланың дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүктіліктің алғашқы кезеңінде әйелге түсетін ауыртпалықты азайту маңызды. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып жасаған ұсынысымызға қатысты 1970 жылдардың басында Ғылым академиясының Экономика ғылыми-зерттеу институты экономикалық болжам берген болатын. Ол кезде институт директоры Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сақтаған Байішев ағамыз еді. Ғылыми-экономикалық есептеулер бойынша, осындай алдын алу шаралары жүзеге асырылған жағдайда алғашқы бес жылда туа біткен кемістіктер санын 35-39 пайызға дейін азайту мүмкіндігі қарастырылған.

Мен бұл мәселені тек медициналық емес, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да қарастыру қажет деп ойладым. Өйткені мемлекет туа біткен кемістіктерді емдеуге алдын алуға жұмсалатын қаражаттан бірнеше есе көп қаржы жұмсайды. Біздің сол кездегі есептеуіміз бойынша, жүктіліктің алғашқы сегіз аптасында әйелдің еңбек жағдайын қорғауға кететін шығын кейінгі емдеу шығындарынан 15-20 есе арзан болуы мүмкін.

Бұл жерде тек мемлекеттің қаражаты туралы айтып отырған жоқпын. Ең бастысы – баланың тағдыры, ата-ананың қайғысы, отбасының психологиялық жағдайы. Мұндай ауыртпалықты ешқандай қаржылық есеппен өлшеу мүмкін емес.

Сол кезде Швецияның тәжірибесіне де назар аудардым. Швед ғалымдары мен дәрігерлері ана мен бала денсаулығын қорғаудың, туа біткен кемістіктердің алдын алудың маңызын ертерек түсінген. Олардың тәжірибесі біз үшін де маңызды болды.

Семейде жүргенде бір ерекше жағдай да болды. Қырқынан енді шыққан, екі басты болып туған нәрестеге ота жасауға тура келді. Ісікті алып тастадық. Егер оны алмасақ, баланың тірі қалуы екіталай еді. Осындай күрделі жағдайлар адамды шыңдайды. Әр науқасқа қараған сайын дәрігер ретінде ғана емес, адам ретінде де жауапкершілігіңді сезінесің. Кейін денсаулығым сыр берді. Отыз бір жасымда жүрегімді тексерген дәрігерлер инфаркт болғанын айтты. Алғашында сенбедім. Бірақ өмірдің өз сынағы бар екен. Отбасымды алып, Алматыға қайттым. Содан кейінгі еңбек жолымның негізгі бөлігі жақ-бет хирургиясымен байланысты болды.

– Сізді отандық балалар жақ-бет хирургиясының негізін қалаушылардың бірі деп атайды. Осы салаға сіңірген еңбегіңізді өзіңіз қалай бағалайсыз?

– Мен өз еңбегімді бағалап, атақ іздеп жүрген адам емеспін. Мен үшін ең бастысы – науқастың сауығып шығуы, баланың аман қалуы, ата-ананың қуанышы. Дегенмен бұл салаға көп еңбек сіңіргеніміз рас. Жақ-бет хирургиясы өте күрделі бағыт. Мұнда адамның сыртқы келбеті ғана емес, тыныс алуы, тамақтануы, сөйлеуі, психологиялық жағдайы да ескеріледі.

Баланың бет-әлпетіндегі туа біткен ақау оның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз тек ақауды түзетіп қана қоймай, баланың қоғамға бейімделуіне, өзіне сенімді болып өсуіне де ықпал етуіміз керек. Осы жылдар ішінде мыңдаған науқасқа ота жасадым. Ғылыми еңбектер жаздым, оқу құралдарын дайындадым, өнертабыстарға патент алдым. Бірақ мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің қалыптасуы. Қазір өзімнен тәлім алған дәрігерлердің арасында күрделі операцияларды сәтті жасап жүрген мамандар бар. Кейбірі шетелде еңбек етіп жүр. Олардың жетістігін көргенде, еңбегіңнің зая кетпегенін сезінесің.

Менің бір ұстанымым бар: білгеніңді өзіңмен бірге алып кетпеуің керек. Ғылымның, тәжірибенің жалғасы болуы тиіс.

– Сіз көп жылдар бойы хирургиялық тәжірибеде түрлі әдістерді меңгеріп, заманауи аппараттарды да қолдандыңыз. Соның бірі – радиотолқынды хирургия аппараты. Оны қалай иелендіңіз?

– 1999 жылы Америкадан арнайы аппарат алуға мүмкіндік туды. Ол кезде мұндай құрылғы біз үшін өте қымбат еді. Бағасы 14 мың доллар болатын.

Бір күні академияда ғылыми жобалар мен операциялық тәжірибелерге арналған байқау өтті. Мен өзімнің хирургиялық жұмыстарымды көрсетіп, жоба ұсындым. Шынымды айтсам, жеңемін деп ойлаған жоқпын. Кейін телефон соғып, жобамның конкурстан өткенін және аппарат ұтып алғанымды хабарлады. Басында өзім де сенбедім. Қуанғаным сонша, бағасын қайта-қайта сұрадым. Бұл құрылғы кейін жұмысымда үлкен көмек көрсетті. Қазір радиотолқынды аппаратты көбіне беттегі қал мен меңдерді алуда қолданамыз. Оның артықшылығы – белгілі бір тінге нысаналы әсер етіп, айналасындағы сау тіндерді барынша сақтауға мүмкіндік беруі. Әрине, кез келген емдеу әдісі секілді, оны да науқастың жағдайына, түзілістің сипатына қарай қолдану қажет.

Меңді кейбіреулер сұлулықтың белгісі деп қабылдайды. Бірақ дәрігер ретінде мен оған басқаша қараймын. Егер меңнің түсі, көлемі өзгерсе, жарақаттанса немесе күмәнді белгілері байқалса, міндетті түрде маманға қаралу керек. Оны өз бетінше алуға болмайды. Қажет болған жағдайда дерматолог пен онкологтың тексеруінен кейін ғана тиісті емдеу тәсілі таңдалады.

– Сіз Моңғолияда да бірнеше жыл еңбек етіп, тибет медицинасымен танысқан екенсіз. Сонымен қатар иглорефлексотерапия әдісін де зерттегеніңізді білеміз. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

– Мен Моңғолияда үш жарым жыл жұмыс істедім. Сол жерде тибет медицинасымен алғаш рет жақынырақ таныстым. Бұл медицинаның философиялық негіздері мені қызықтырды. Алты ай бойы осы бағыттың теориялық, философиялық қырларын оқыдым. Адам ағзасындағы белгілі нүктелер, меридиандар, жүйке жүйесі мен дене қызметінің байланысы туралы мәліметтерді зерттедім.

Иглорефлексотерапия – өзіндік тарихы мен қолдану тәжірибесі бар әдіс. Менің қызығушылығым оның адам ағзасын тұтас қарастыру тәсіліне байланысты болды. Дегенмен медицинада әрбір әдісті ғылыми дәлелдер мен нақты көрсеткіштерге сүйене отырып қолдану қажет. Ешбір емдеу тәсілін барлық ауруға бірдей тиімді деп қарауға болмайды. Дәрігер үнемі ізденісте болуы керек. Бір ғана бағытпен шектеліп қалмай, әлем медицинасындағы жаңалықтарды біліп, пайдалы тәжірибені зерттегені дұрыс.

– Жарты ғасырдан астам уақыт хирургиялық тәжірибеде жүріп, талай күрделі ота жасадыңыз. Есіңізде ерекше сақталған, кәсіби жауапкершілігіңізді барынша сезіндірген оқиға бар ма?

– Әрине, ондай жағдайлар өте көп. Мен он жыл бойы еңбек демалысына шықпай, күн сайын ота жасаған кездерімді білемін. Хирургияда демалыс деген ұғымның өзі кейде екінші орынға ысырылып қалады. Өйткені науқас сенің демалысыңды күтіп тұрмайды.

Бірде ауруханаға соқырішекпен науқас түсті. Операцияны бастап кеткенімізде аяқ астынан жарық сөніп қалды. Операцияны тоқтатуға болмайды. Амалсыздан майшам жақтық. Төрт адам майшамды ұстап тұрды. Іш қуысының терең жерін сол жарықпен көрудің өзі қиын. Бірақ басқа амал жоқ. Бар зейінімді жинап, отаны аяқтадым. Ең бастысы, операция сәтті өтті.

Келесі күні мұндай жағдай қайталанбауы үшін аурухана басшылығына мәселе қойдым. Операция кезінде электр жарығының сөніп қалуы – науқастың өміріне тікелей қауіп. Сондықтан ауруханаға автономды электр стансасын орнату қажеттігін талап еттім. Тіпті мәселе шешілмесе, тиісті орындарға шағымданатынымды айттым. Нәтижесінде екі айдың ішінде ауруханаға автономды станса орнатылды. Сол оқиғадан бір нәрсені түсіндім: дәрігер тек операция жасап қана қоймай, науқастың қауіпсіздігіне қажетті жағдайды да талап ете білуі керек.

Тағы бір оқиға ешқашан есімнен кетпейді. Студент кезімде тұңғыш баласын босанғалы жатқан қырық жастағы әйелді көрдім. Босануы өте ауыр өтті. Бала дүниеге келген соң, әйел есін жиып: «Ұл ма, қыз ба?» деп сұрады. «Ұл» деген жауапты естігенде, «Уф!» деп, есінен танып қалды. Кейін себебін сұрастырсақ, күйеуі әйеліне: «Қыз тусаң, сенімен ажырасамын», – деп айтыпты. Күйеуі оны қалжың ретінде айтқанын түсіндірді. Бірақ әйелдің жүрегіне бұл сөз қатты тиген.

Мен ертесіне әлгі азаматқа барып: «Сіз осы сөзді қалай айттыңыз? Өлім мен өмірдің ортасында жатқан әйелге мұндай сөз айтуға бола ма?» дедім. Ол кезде мен жас маман едім. Бірақ сол оқиға маған адамның жан дүниесіне сөздің қаншалықты әсер ететінін көрсетті. Дәрігер адамның тәнін емдегенімен, оның жанын да түсіне білуі керек. Кейде науқасқа дәріден бұрын жылы сөз, қолдау мен сенім қажет.

– Жақ-бет хирургиясында әлі де толық шешімін таппаған қандай мәселелер бар? Қазіргі медицина қандай бағыттарға басымдық беруі керек?

– Менің ойымша, ең алдымен, балалардағы туа біткен ақаулардың алдын алу мәселесіне көңіл бөлу керек. Екінші мәселе – қатерлі ісік аурулары. Үшіншісі – стоматологиялық аурулар, әсіресе кариес. Баланың денсаулығы дүниеге келгеннен кейін ғана қалыптаспайды. Оған дейінгі кезеңнің де маңызы өте зор. Болашақ ата-ананың денсаулығы, ананың жүктілік кезіндегі жағдайы, дұрыс тамақтануы, дәрігерлік бақылауда болуы – мұның бәрі маңызды. Мен бұл мәселеге сонау 1970 жылдары назар аудардым. Болашақ аналарды жүктіліктің алғашқы кезеңінде ерекше қорғау, әсіресе алғашқы 8-9 аптада еңбек жағдайын жеңілдету керек деген ұсыныс көтердім. Себебі ұрықтың негізгі мүшелері мен жүйелері дәл осы кезеңде қалыптаса бастайды.

Бұл ұсынысымды бірнеше орынға жолдадым. Өмірбек Жолдасбеков ағамызға да жеткіздім. Ол кісі мені шақырып алып, «Бұл пікіріңіздің ғылыми дәлелі бар ма?» деп сұрады.

Сол кезде Семейде әріптестеріммен бірге жүргізген зерттеуіміздің нәтижелерін айттым. Біз болашақ аналардың жағдайын бақылап, белгілі бір факторлардың бала денсаулығына әсерін зерттеуге тырыстық. Зерттеу барысында бір жылда 121 баланың дені сау болып дүниеге келгенін тіркедік. Сол деректерге сүйеніп, ұсынысымызды негіздеуге тырыстық.

Біздің ұсынысымыздың тағы бір маңызды жағы экономикалық тұрғыдан да қарастырылды. 1970 жылдардың басында Ғылым академиясының Экономика ғылыми-зерттеу институты алдын алу шараларының нәтижесіне қатысты болжам жасаған еді. Ол кезде институт директоры академик Сақтаған Байішев ағамыз болатын. Сол есептеулер бойынша, жүкті әйелдерге жүктіліктің 5-12 аптасы аралығында жалақысы сақталатын демалыс беру арқылы алғашқы бес жыл ішінде туа біткен кемістіктер санын 35-39 пайызға дейін азайту мүмкіндігі қарастырылды.

Менің ойымша, бұл мәселені бүгін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені жыл сайын елімізде 380-400 мың сәби дүниеге келеді. Олардың арасында жүрек-қан тамырлары, ми мен жүйке жүйесі және басқа да ішкі ағзаларға қатысты көзге бірден байқалмайтын кемістіктер кездеседі. Ал ерін мен таңдай жырығы секілді сырт көзге көрінетін туа біткен ақаулар да аз емес.

Мемлекет аурудың алдын алуға жұмсайтын қаражатынан гөрі оны емдеуге бірнеше есе көп қаражат шығындайды. Ал алдын алу шараларының шығыны кейінгі емдеу шығындарынан 15-20 есе арзан болуы мүмкін. Оның үстіне, мұндай жағдайға тап болған баланың, ата-ананың, туыстарының тартатын психологиялық азабын есептеу мүмкін емес.

Бұл мәселеде Швецияның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Швед ғалымдары мен дәрігерлері ана мен бала денсаулығын қорғаудың маңызын ертерек түсініп, алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлген.

Бұл мәселеге сол кезеңде ерекше назар аударылғаны есімде. Мен үшін ең маңыздысы – ананың денсаулығы мен баланың амандығын қорғау болатын.

Бүгінгі күні де жүктілікті жоспарлау, ата-ананың денсаулығын алдын ала тексеру, ана мен баланы медициналық бақылауға алу мәселелері өзекті. Әрине, туа біткен ақаулардың себептері әртүрлі. Олардың барлығын бір ғана факторға байланыстыруға болмайды. Сондықтан бұл бағыттағы ғылыми зерттеулерді жалғастыру қажет.

– Балалардағы қоянжырық, яғни ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы туралы не айтасыз? Оның пайда болуына тұқымқуалаушылық қаншалықты әсер етеді?

– Қоянжырық – балалар жақ-бет хирургиясында жиі кездесетін туа біткен ақаулардың бірі. Бұл мәселені тек сыртқы келбетпен байланыстыруға болмайды. Мұндай балаларда тамақтану, сөйлеу, тыныс алу, есту және психологиялық бейімделу мәселелері де туындауы мүмкін. Тұқым қуалаушылықтың белгілі бір рөлі бар. Бірақ барлық жағдайда оны генетикалық фактордан көруге болмайды. Қоршаған орта, жүктілік кезіндегі жағдай, ұрықтың даму ерекшеліктері сияқты көптеген факторлар әсер етуі мүмкін.

Мен үнемі бір мысал келтіремін. Үй салғанда кірпішті қалай болса солай қалай алмайсыз. Әр кірпіші өз орнында, дұрыс қалануы керек. Бір жерінен қате кетсе, бүкіл құрылысқа әсер етеді. Адам ағзасының қалыптасуы да соған ұқсайды. Ұрықтың дамуы – өте күрделі әрі нәзік үдеріс. Сондықтан болашақ ата-ана бала көтеруді жоспарлағанда денсаулығына мән беріп, алдын ала тексеруден өткені жөн. Ал жүктілік кезінде ана дәрігердің кеңесін орындап, өз денсаулығын күтуі керек.

Қоянжырықпен туған баланы да өмір бойы сол ақаумен қалдыруға болмайды. Қазіргі жақ-бет хирургиясының мүмкіндіктері мол. Уақытылы және кезең-кезеңімен жүргізілген емнің арқасында баланың сөйлеу, тамақтану, сыртқы келбет және әлеуметтік бейімделу мәселелерін едәуір жақсартуға болады.

Менің тәжірибемде өте күрделі әрі сирек кездесетін жақ-бет ақауларымен туған балаларға операция жасауға тура келді. Соның бірі – қосымша бас тәрізді туа біткен түзіліспен дүниеге келген нәрестеге жасалған операция. Біз сол түзілісті алып тастап, баланың ернін қалпына келтірдік. Мұндай операциялар дәрігерден ерекше шеберлік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Осындай күрделі жағдайлардың бірі бойынша Италияның Неаполь қаласындағы университет клиникасына да шақырылдым. Ол жерде шүйде тұсында екінші бас тәрізді түзілісі бар қыз балаға операция жасау мәселесі қарастырылды. Мұндай ақаудың өте сирек кездесетінін ескерген италиялық профессор операцияға байланысты барлық шығынды өз мойнына алған болатын.

– Балалар мен ересек науқастарды емдеудің арасында қандай ерекшелік бар? Балалармен жұмыс істегенде дәрігер нені ескеруі қажет?

– Бала – болашақ. Сондықтан балалармен жұмыс істеудің жауапкершілігі өте жоғары. Ең алдымен, олардың психологиясы ересектерден мүлде бөлек екенін түсіну керек. Мысалы, кішкентай бала стоматология кабинетіне келгенде-ақ қорқуы мүмкін. Өйткені ол жерде қандай құралдар барын, қандай ем жасалатынын білмейді. Кейде тісін емдетуден бұрын дәрігердің ақ халаты мен құралдардың өзі қорқыныш тудырады. Сондықтан баламен жұмыс істейтін дәрігер алдымен оның сеніміне кіруі керек. Оны қорқытпай, жайлап сөйлесіп, не істейтінін түсіндірген жөн. Баланың көңілін аулап, өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау қажет.

Мен бір кездері баланың тісін емдеткеннен кейін оған жағымды әсер қалдыру мәселесін көтергенмін. 1980 жылдары Алматыдағы Гоголь мен Байзақова көшелерінің қиылысындағы стоматология мекемесінің алдына балмұздақ сататын аппарат қойдырдық. Біздің мақсатымыз – баланың емнен кейінгі қорқынышын жағымды әсермен алмастыру еді. Бала тісін жұлдырғаннан кейін ата-анасы оған балмұздақ алып берсе, ол дәрігерден қорқудың орнына жақсы әсермен кетуі мүмкін. Әрине, мұндай тәсіл әр баланың денсаулық жағдайы мен емдеу ерекшелігіне қарай қолданылуы керек. Бірақ негізгі ойым – балаға стоматологияны қорқынышты орын ретінде көрсетпеу.

Балаға кішкентайынан тазалықты үйрету де маңызды. Мысалы, сырттан келгенде алдымен қолын жуу керек. Бірақ оны тек айтып қою жеткіліксіз. Әке-шешесі өзі үлгі көрсетуі қажет. Бала үлкендердің әрекетін қайталайды. Тағы бір айтарым, аурудың алдын алу дұрыс тамақтанудан, тазалықтан, күнделікті күтімнен басталады. Дәрігер науқасты емдеумен қатар, оның ата-анасына да дұрыс күтім жасауды түсіндіруі тиіс.

– Қазіргі медицинада жас мамандардың кәсіби қалыптасуы туралы не айтасыз? Бүгінгі дәрігерлердің бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

– Ең алдымен, ынта керек. Дәрігер боламын деген адам кішкентайынан мақсат қойып, сол мақсатына жету үшін еңбек етуі тиіс. Бірақ диплом алған соң бәрін үйреніп болдым деп ойлауға болмайды. Медицинада оқу ешқашан тоқтамайды. Мен студент кезімде операцияны көру үшін талай рет сабақтан кейін де ауруханада қалатынмын. Кейде тіпті сабаққа қатыспай, хирургтардың жұмысын бақылауға кететінмін. Қазір мұны дұрыс деп айтпаймын, әрине. Бірақ менің сол кездегі үйренуге деген құштарлығымды түсінсеңіздер екен.

Жас дәрігерлер өзіне шек қоймауы керек. Қолынан келетін іске батыл кірісіп, білмегенін сұрап, үйренуге ұмтылуы қажет. Бірақ хирургияда батылдық деген жауапсыздық емес. Әрбір әрекет білімге, тәжірибеге және ұстаздың бақылауына сүйенуі керек.

Кемшілікке келсек, кейде кейбір жас мамандардың ізденіске құлшынысы аздау көрінеді. Ал дәрігер үшін кітап оқу, ғылыми мақалаларды зерттеу, тәжірибелі мамандармен пікір алмасу – күнделікті қажеттілік. Ықылас болса, адам көп нәрсені үйренеді. Ықылассыз ұстаз да, ықылассыз шәкірт те болмайды. Қандай қиындық кездессе де, алған біліміңді тереңдетуден бас тартпау керек.

Мен шәкірттеріме үнемі айтамын: менен артық болыңдар! Менің қолымнан келген істі сендер одан да жақсы меңгеріңдер. Сонда ғана медицина дамиды.

– Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып келесіз. Шәкірт тәрбиелеуді кәсіби қызметіңіздің жалғасы деп қабылдайсыз ба?

– Әрине. Дәрігердің жасаған операциясы бір адамның өміріне әсер етуі мүмкін. Ал тәрбиелеген шәкірті талай адамның өмірін сақтап қалуы ықтимал. Сондықтан мен үшін ұстаздықтың орны бөлек. Өзімнің білетінімді жастарға үйретуге тырыстым. Астанада Ана мен бала орталығында бет-жақ хирургиясы бөлімін ашуға атсалыстым. Онда да шәкірттер тәрбиеледім. Бұдан бөлек, бірнеше медициналық мекемеде жас мамандарға тәжірибемді үйреттім.

Бір нәрсені түсіну керек: адам өз білгенін о дүниеге алып кетпеуі тиіс. Ғылымның жалғасы болуы керек. Бүгінде шәкірттерім күрделі операцияларды өздері жасап жүр. Кейбірі менен де жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Мен оған қуанамын. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан қуаныш жоқ шығар. Өйткені сенің еңбегіңнің жалғасып жатқанын көресің.

– Қазіргі жас дәрігерлерге, жалпы медицина жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы, адамды жақсы көру керек. Дәрігер болу үшін тек анатомияны, физиологияны, хирургиялық әдістерді білу жеткіліксіз. Науқастың жағдайын түсіну, оның жан дүниесіне үңілу де өте маңызды. Мен жас мамандарға үнемі бір нәрсені айтамын: науқастың тәнін емдеуден бөлек, жанын да емдей білу керек. Кезінде біз философия пәнін оқыдық, арнайы қосымша курстарға қатыстық. Оның да өзіндік себебі бар. Адамның жан дүниесін түсінбесең, оның бойындағы ауруды да толық түсіну қиын. Кейде науқас дәрігерге тек ауырған жерін емдету үшін емес, ішіндегі уайымын айту үшін де келеді. Дәрігер оны тыңдай білуі керек. Жылы сөздің өзі үлкен демеу болуы мүмкін. Тағы бір кеңесім – ешқашан тоқтап қалмаңдар. Кітап оқыңдар, ізденіңдер, тәжірибе жинаңдар. Ұстаздарыңнан үйреніңдер, бірақ сонымен шектелмеңдер. Әлемдік медицинаның жаңалықтарын бақылап отырыңдар.

Дәрігерлік – оңай жол емес. Бұл мамандық адамнан уақытын да, күшін де, кейде жеке өміріндегі көптеген мүмкіндіктерін де талап етеді. Бірақ бір баланың аман қалғанын, бір науқастың сауығып кеткенін көргенде, жасаған еңбегіңнің бәрі ақталғандай болады. Мен өмір бойы хирург болуды армандадым. Сол арманымның жетегінде жүріп, талай қиындықты өткердім. Бүгінде 85 жасқа келсем де, медицинадан алыстаған жоқпын. Әлі де жұмыс істеп, шәкірттеріме білгенімді үйретіп келемін.

Менің тілегім – қазақ медицинасы дамысын, жас дәрігерлеріміздің жолы ашық болсын. Білікті мамандарымызға жағдай жасалсын. Өйткені елдің болашағы – дені сау ұрпақта. Ал сол ұрпақтың амандығы үшін дәрігер әрдайым ізденісте болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет! Деніңізге саулық, еңбегіңізге табыс, шәкірттеріңіздің жетістігін көріп, ұзақ ғұмыр кешуіңізге тілектеспіз!

 Сұхбаттасқан Бифат Нұрмаханқызы

Ұқсас жаңалықтар

Wildberries-тің Қазақстаннан қойма іздеп жатқаны айтылды: Министрлікке ресми өтініш түспеген

Қазақстанда ақылы жолдардың тарифтері 50%-ға дейін қымбаттауы мүмкін

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексінде 96-орынға төмендеді