Атырауда балабақшада жарақат алған 5 жастағы қыздың анасы тергеуді талап етті
Атырау қаласындағы балабақшалардың бірінде бес жасар қыз бала ауыр жарақат алды. Қыздың анасының айтуынша, оқиға 28 шілде күні болған. Сол күні балабақша тәрбиешісі қоңырау шалып, баланың баспалдақтан құлап кеткенін хабарлаған.
«Олар баланың басы ауырғанын айтып, дәрігерге апаруды ұсынды. Күйеуім бірінші барды, мен сәл кейінірек келдім. Бірақ жағдайды түсіндіріп, кешірім сұраудың орнына, балабақша қызметкерлері сылтау айтып, ұрыса бастады», – дейді анасы.
Ата-ана жағдайдың мән-жайын білу үшін бақылау камерасындағы жазбаларды сұраған, алайда мекеме өкілдері «камералар өшіп қалғанын», монитор «жұмыс істемей тұрғанын» алға тартқан.
Қыз өзін нашар сезініп, анасының көз алдында құсып жіберген. Ата-анасы жедел жәрдем шақырып, бала ауруханаға жеткізілді. Медициналық тексеру нәтижесінде қыздың жабық бас-сүйек ми жарақатын алғаны және ми шайқалуы диагнозы қойылған. Кейінірек оның екі қолы сынғаны анықталған.
Анасы ауруханада арыз жазған. «Біз камералардың не себепті жұмыс істемей қалғанын және осы жағдайға кім жауапты екенін анықтауды талап етеміз», – дейді ол.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі — «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
