Қазақстандағы әуежайлар енді тексеріс барысында тәркіленген, тасымалдауға тыйым салынған заттарды жолаушылар үшін сақтап қалмайды. Бұл шешім жолаушыларға қызмет көрсету үдерісін оңтайландыру және қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында қабылданған.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, жолаушыларға әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Толық ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу және тексеру бекеттерінде қолжетімді.
Мәселен, қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарына көлемі 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер, гельдер мен өзге де қауіпті заттар жатады.
Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді, соның ішінде бал, тосап, сүт және үй жағдайында дайындалған тағамдарды тасымалдауға рұқсат етілмейді. Мұндай заттар тексеріс кезінде тәркіленеді.
«Тәркіленген немесе тасымалдауға рұқсат етілмейтін заттарды жолаушылар оларды шығарып салушы адамдарға қалдыра алады. Қарапайым ережелерді сақтау – ұшу қауіпсіздігін арттырып, әуежайда жағымды жағдай қалыптастыруға сеп болады», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
