Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі моноқалалар тізбесін жаңартты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрығына сәйкес Екібастұз ресми түрде моноқалалар қатарынан алынды.
Министрлік моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді талдау жүргізген. Бағалау барысында өнеркәсіп өндірісінің серпіні, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерліктің даму деңгейі, жұмыспен қамту құрылымы және экономиканың тұрақтылығы сияқты 78 негізгі көрсеткіш ескерілді.
Талдау нәтижесінде Екібастұзда экономиканы әртараптандырудың тұрақты үрдісі қалыптасқаны анықталды. Қала біртіндеп монопрофильді даму моделінен шығып, қазіргі таңда теңгерімді салалық құрылымымен, өнеркәсіптің тұрақты өсімімен және жоғары инвестициялық белсенділігімен ерекшеленеді.
Жаңартылған тізімге сәйкес, Қазақстанда 19 моноқала қалды. Олар: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау.
Осылайша, елдегі моноқалалар саны 20-дан 19-ға дейін қысқарды.
Тізімді жаңарту моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл шешім экономиканың қала құраушы кәсіпорындарға тәуелділігі жоғары өңірлерге қолдау шараларын нақты шоғырландыруға мүмкіндік береді.
