Нұрбол Назарбаев әкесінен қалған қарыздарға байланысты өзін банкрот деп жариялай алмады. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі сот арқылы банкроттық рәсімін бастауға бірнеше рет әрекет жасағанымен, оның екі өтініші де қабылданбаған.
Ол алғаш рет банкрот деп тану туралы өтінішті 2025 жылдың күзінде берген. Қыркүйекте сот іс қозғағанымен, кейін оны қараусыз қалдырған. Кейін бұл шешімді жоюды талап етіп қайта жүгінгенімен, екінші рет те өтініші қанағаттандырылмады. Қазір ол тағы бір мәрте банкроттық рәсімін бастауға өтініш беріп отыр.
Нұрбол Назарбаев — Болат Назарбаевтың ұлы. Ол бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, Алматы облысы ІІД басшысының орынбасары болған. Кейін бизнеске ауысып, елдегі ауқатты кәсіпкерлердің қатарына енді. 2025 жылы оның байлығы шамамен 179 миллион доллар деп бағаланған.
Соттың банкроттық ісін қабылдамауына әкесінен қалған қарыздардың бірі себеп болған. 2025 жылғы бір сот ісінде Болат Назарбаевтың орнына жауапкер ретінде Нұрбол Назарбаев көрсетіліп, 19 миллион теңге қарыз мәселесі қаралған. Алайда ол бұл туралы тиісті компанияны хабардар етпегендіктен, сот банкроттық өтінішін қабылдамаған.
Қарыздың бір бөлігі Ақтөбе қаласындағы спирт зауытына байланысты даудан шыққан. Сонымен қатар Нұрбол Назарбаевтың жалпы қарызы кемінде 63,7 миллиард теңге екені айтылып отыр. Оның ішінде 61,85 миллиард теңге мемлекетке қайтарылатын қаражат, ал 1,86 миллиард теңге — мемлекеттік баж салығы. Қазақстан заңнамасына сәйкес мұндай төлемдер банкроттық арқылы есептен шығарылмайды.
Бұдан бөлек, «Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Хұсайынов оны «негізсіз баю» бойынша сотқа берген. Бұл іс аясында сот Нұрбол Назарбаевтың мүлкі мен банк шоттарын 15 миллиард теңге көлемінде уақытша бұғаттаған.
