Алматы облыстық соты Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тану және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы талабын қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Апелляциялық шағымында Нұрбол Назарбаев мемлекет пен жеке компаниялар алдындағы ірі көлемдегі қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, бұрынғы шешімнің күшін жоюды сұраған. Оның айтуынша, Активтерді қайтару жөніндегі комитет алдындағы берешегі 55,8 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ оған өсімпұл, мемлекеттік баж салығы және “Ақтөбе өндірістік компаниясы” ЖШС алдындағы қарыз жүктелген.
Назарбаев өзіне тиесілі болғанымен, өз атына рәсімделмеген бірқатар активтер бар екенін мәлімдеп, оларды бенефициарлық иелік пен серіктестік қатынастар арқылы бақылайтынын жеткізген. Сондай-ақ серіктестері қарыздарын өтеуге көмектесуге дайын екенін айтып, соттан төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұраған.
Алайда прокуратура бұл өтінішті сот шешімдерінің орындалуын созбалаңға салуға бағытталған әрекет деп бағалады. Қадағалау органы борышкердің бұған дейін де осындай талаппен сотқа жүгінгенін, ал істің мән-жайы өзгермегенін атап өтті.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті. Сот алқасының мәліметінше, Нұрбол Назарбаев өзінің нақты қаржылық жағдайы туралы толық ақпарат ұсынбаған. Іс материалдарында коммерциялық нысандарды жалға беруден түсетін табыс, дивидендтер, депозиттік кірістер, отбасының қаржылық жағдайы мен күнделікті шығындары туралы мәліметтер жоқ.
Сот мұндай ақпаратсыз борышкердің төлем қабілетін объективті бағалау және қарыздарды өтеудің әділ жоспарын әзірлеу мүмкін емес екенін атап өтті. Сонымен қатар, Назарбаев қаржылық жағдайын толық ашпағанын, еңбек етуге кедергі келтіретін заңды себептерді дәлелдемегенін және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өтеуге бағытталған нақты әрекеттер жасамағанын көрсетті.
Осылайша Алматы облысы Қарасай аудандық сотының бұрынғы шешімі өзгеріссіз қалып, Нұрбол Назарбаевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі азаматты бірден банкрот деп танымай, қарызын белгілі бір мерзім ішінде өтеуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда банкрот мәртебесі берілмейді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептеу тоқтатылып, қарызды бес жылға дейін бөліп төлеу жоспары бекітілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Нұрбол Назарбаевқа қатысты кемінде екі атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Оның мемлекет алдындағы жалпы берешегі шамамен 63,7 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 55 миллиард теңгеден астамы мемлекетке қайтарылуы тиіс активтерге қатысты болса, 1,6 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік баж салығы ретінде есептелген.
Нұрбол Назарбаев – Болат Назарбаевтың ұлы. Бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, кейін кәсіпкерлікпен айналысқан. Соңғы жылдары оның есімі Қазақстандағы ірі кәсіпкерлер қатарында аталып келген.
