АҚШ астанасында өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі нәтижесінде екі ел жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойды.
Ақ үйдегі ресми келіссөз барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай ықыласы үшін Дональд Трампқа ризашылық білдірді. Ол Трамптың президенттік қызметінің тарихи маңызына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ-тың әлемдегі жетекші экономикалық, саяси және технологиялық держава ретіндегі орнын нығайтып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Орта дәлізді дамытуға ықпал ететін “Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы” (TRIPP) бастамасына ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады. Келісімдер авиация, минералдық ресурстар және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттарын айқындады. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасты.
“Орталық Азия – АҚШ” саммиті аясында журналистер Дональд Трамптан жасалған келісімдердің маңызы мен Қазақстанға сапар туралы сұрады.
“Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдерге қол қойды. Бұл авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды. Сіздің ойыңызша, бұл серіктестіктің қай бағыты маңызды? Екіншіден, Трамп мырза, сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ президенті деп қашан айта аламыз?” – деп сауал қойылды.
Дональд Трамп Қазақстанға баруы мүмкін екенін растады:
“Бұл әбден мүмкін. Барлық сала маңызды деп есептеймін. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің ел табиғи ресурстарға бай, әрі парасатты президентіңіз бар”, – деді АҚШ-тың бұрынғы президенті.
