«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратБілім

5 жасар балалар TikTok-қа еркін тіркеліп жүр: Аймағамбетов үш өзекті мәселе көтерді

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов «Цифрлық кодекс» жобасын талқылау барысында бірқатар өзекті сұрақтарды көтерді.

Депутат ең алдымен цифрлық теңсіздік пен офлайн қолжетімділік мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, цифрлық теңсіздік тек интернеті жоқ ауылдық аймақтарда ғана емес, сонымен қатар смартфон немесе компьютер пайдаланбайтын егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында да өзекті болып отыр.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта көрсетіледі. Бұл ыңғайлы болғанымен, кей азаматтар үшін қолжетімсіз. Сондықтан базалық мемлекеттік қызметтерге офлайн қолжетімділікті сақтау және әлеуметтік осал топтардың мүддесін ескеру бағытында қандай нормалар қарастырылған?» – деді депутат.

Екінші мәселе ретінде депутат балалардың әлеуметтік желілерде тіркелу жасын шектеу тақырыбын көтерді. Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда 5–6 жасар балалар ата-анасының рұқсатынсыз TikTok немесе Instagram сияқты әлеуметтік желілерге еркін тіркеле алады.

«Дания мен Австралияда тіркелу жасы 15–16 жас, ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда – ата-ананың арнайы рұқсаты қажет. Қазақстанда бұл бағытта қандай шаралар қарастырылып жатыр?» – деп сұрады ол.

Сонымен қатар депутат мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен бірқатар инновациялық мектептер бұл шешімді қабылдап, оң нәтижеге қол жеткізген. Телефон қолдануға тыйым салу оқушылардың үлгеріміне де, өзара қарым-қатынасына да оң әсер еткен. «Бұл мәселені Цифрлық кодекс аясында қарастыруға бола ма?» – деді депутат.

Сұрақтарға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жауап берді.

Вице-министртің айтуынша, жаңа Цифрлық кодекс жобасында алғаш рет «мемлекеттік цифрлық платформа» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға бірыңғай цифрлық архитектура мен стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мун мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарға тең қолжетімділік қағидалары кодексте қарастырылғанын атап өтті.

Балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты ол әлемдік тәжірибеге сай, бұл бағытта балаларды шектеусіз дамыту мен қауіпсіз контентке қол жеткізу арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін айтты.

Ал мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу туралы сұраққа Мун қазіргі таңда Цифрлық кодексте мұндай норма қарастырылмағанын жеткізді. Керісінше, министрліктің ұстанымы – жастарды заманауи технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдады

Қарағандыда патронаттық ата-анасының қатыгездігінен бала мүгедек болып қалды»

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30 пайызға арзандайды