«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақ тіліне қатысты дауға іліккен Мухоряпов қайтадан директорлар кеңесіне сайланды

Қазақ тіліне қатысты пікірімен қоғам талқысына түскен кәсіпкер Рамиль Мухоряпов FlyArystan директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры қызметін тағы үш жыл атқарады.

Мухоряпов бұл қызметке 2026 жылғы 11 қазаннан 2029 жылғы 10 қазанға дейін қайта сайланды. Сонымен қатар оның директорлар кеңесіндегі жұмысы үшін алатын сыйақысы мен өтемақысы да бекітілді.

Тиісті шешімді FlyArystan-ның жалғыз акционері — Air Astana қабылдады. Мухоряпов компанияның директорлар кеңесіне алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте сайланған.

FlyArystan директорлар кеңесінің құрамына Мухоряповтан бөлек Air Astana бас директоры Ибрахим Жанлыел және FlyArystan президенті Йохан Эйдхаген кірді. Жанлыел директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Сонымен қатар Air Astana FlyArystan-ды қаржыландыру мен оның әуе флотын кеңейтуге қатысты шешімдер қабылдады. FlyArystan Air Astana пайдасына номиналдық құны 4 мың теңгеден болатын 2 млн жай акция орналастырады. Осылайша акцияларды орналастырудың жалпы көлемі 8 млрд теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, FlyArystan операциялық лизинг арқылы Airbus A320neo ұшағын алады. Әуе кемесін 2026 жылғы қарашада жеткізу жоспарланған, ал лизинг мерзімі 8 жылды құрайды.

Бастапқыда бұл ұшақты операциялық лизингке алушы ретінде Air Astana қарастырылған. Кейін лизинг алушы тарап FlyArystan болып белгіленді. Бұл ретте Air Astana лоукостердің лизинг шарты бойынша төлем міндеттемелеріне кепіл болады.

Акционердің барлық шешімі бірауыздан қабылданған.

Айта кетейік, Рамиль Мухоряпов 2022 жылғы қазанда қазақ тіліне қатысты пікірі үшін қоғамның сынына ұшыраған. Әлеуметтік желілерде Ресейден Қазақстанға қоныс аударушылармен кездесуде түсірілген видео тараған. Сол жиында Мухоряпов ресейліктерді түсіне тұра қазақ тілінде жауап беруді «біртүрлі» деп атап, оны ұлтшылдықтың белгісі ретінде сипаттаған. Кәсіпкердің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Дүниежүзілік Бейбітшілік кеңесі Газаға көмек ретінде миллиардтаған доллар бөледі – Трамп

«Бәйтерек» жобасы іске қосылуда: алғашқы ұшырылым желтоқсанға жоспарланған

Жол сапасы тексерілді: 53,4 млн теңге айыппұл салынып, 22 маман жұмыстан босатылды

Redaktor Shyn-Ar