Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін және Нью-Йоркте кездесуге келіскендерін мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы кездесу дипломатиялық үдерісте маңызды өзгерістерге жол ашуы мүмкін.
Зеленский бұл туралы жексенбі, 20 қыркүйекте өзінің Telegram-арнасында жазды.
«Жаңа ғана президент Трамппен сөйлестік. Маңызды әңгіме болды, көптеген мәселені талқылап үлгердік. Нью-Йоркте кездесуге келістік. Бұл кездесу көп нәрсені өзгертуі мүмкін. Дипломатиялық серпін бар», – деді Украина президенті.
Зеленский сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Киевке келгені үшін Дональд Трампқа алғыс айтты. Оның сөзінше, сапар барысында тараптар маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, америкалық өкілдер Украинадағы жағдаймен тікелей танысқан.
Украина президенті бейбітшілік процесін басты басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, деэскалацияға бағытталған бірқатар ұсыныс бар. Олар энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ адам өмірін қорғауға қатысты.
«Америкалық командамен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз және шын мәнінде маңызды қадамдар жасауға дайынбыз», – деді Зеленский.
Сондай-ақ ол Дональд Трампқа Линдси Грэм ұсынған заң жобасына қол қойғаны үшін тағы да алғыс білдірді.
