Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Владимир Путинді тоғызыншы шақырылымдағы Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы сайлауының табысты өтуімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жеделхатында аталған сайлаудың Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, дауыс беру қорытындылары Ресейдің ұзақмерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған Владимир Путиннің стратегиялық бағытына көрсетілген қоғамдық қолдауды айғақтайды.
«Сайланған Мемлекеттік Дума депутаттары азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және Ресейдің әлемдік держава ретіндегі әлеуетін нығайтуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдайтынына сенім білдіремін», – делінген құттықтау жеделхатында.
Сонымен қатар жеделхатта Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтудағы парламентаралық ықпалдастықтың маңызына ерекше назар аударылған.
Қазақстан Президенті Құрылтай депутаттары мен Ресей парламентарийлері екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту бағытында бірлескен жұмысты белсенді жалғастыратынына сенім білдірді.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Ресей Федерациясының өркендеуі жолындағы мемлекеттік қызметіне толайым табыс, ал Ресей халқына бейбітшілік пен әл-ауқат тіледі.
