«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 триллион теңге беріледі

2027 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу жоспарланып отыр. Қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуға, сондай-ақ ел үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің отырысында 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру барысында айтты.

Вице-министрдің сөзінше, Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін қаражат көлемі кейінгі екі жылда да сақталады. Атап айтқанда, 2028 және 2029 жылдары республикалық бюджетке жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт беру көзделген.

«Әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды», – деді Азамат Әмрин.

Осылайша, 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан республикалық бюджетке жалпы көлемі 5 трлн теңге болатын нысаналы трансферт беру жоспарланған.

Сонымен қатар болжамға сәйкес, 2027 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері 65,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 70,6 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда сотталғандарды босату үшін қолданылатын аурулар тізімі кеңейтіледі

Руслан Берденовке жасалған қастандық: Прокурор айыпталушыға 11 жыл 3 ай сұрады

«Кінәлілер қатаң жазаланады»: Қорғаныс министрі Каспийдегі қайғылы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады