Қазақстан шетелдік мамандарды, инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту үшін көші-қон саясатын жаңа деңгейге көтеруге кірісті. Енді ел көші-қон жүйесін тек бақылау құралы емес, экономикалық өсім мен халықаралық интеграцияның маңызды тетігі ретінде қарастырады. Әлемде мемлекеттер табиғи ресурстар мен инвестиция үшін ғана емес, кәсіби кадрлар мен адами капитал үшін де бәсекеге түсіп жатқандықтан, Қазақстан да шетелдік сарапшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отыр.
ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Саид Латипов қазіргі таңда шетелдік мамандарды тарту және олардың ел экономикасына қатысуын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бүгінде Қазақстан бірқатар мемлекетпен визасыз режим орнатқан. Сонымен қатар әлемнің 100-ден астам елінің азаматары электронды виза рәсімдей алады. Шетел азаматтарына Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне барудың қажеті жоқ — олар бірнеше минут ішінде онлайн форматта электронды виза алып, ел аумағына кіре алады.
Кей санаттағы шетел азаматтарына Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз, тіркеусіз және арнайы рұқсатсыз болуға мүмкіндік берілген. Бұл шаралар елдің инвестициялық, туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Визасыз режим шетел азаматтарына Қазақстанға келіп, келісімшарттар жасауға, бизнес серіктестер табуға және еңбек нарығын зерттеуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қазақстанға келетін шетел азаматтарының саны тұрақты өсіп келеді. Өткен жылы елге келген шетелдіктер саны 16 миллионнан асқан. Олардың басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары болғанымен, инвестициялық визамен келетіндер, бизнес-иммигранттар және еңбек қызметі үшін келетін шетелдіктер саны да артып жатыр.
Мамандардың айтуынша, кей шетел азаматтары Қазақстанға алғашында туристік немесе іскерлік мақсатта келіп, кейін жұмыс істеу не инвестиция салу үшін қайта оралады. Қазіргі таңда бизнес-иммигранттар институтына сұраныс жоғары.
Сонымен қатар Қазақстан көші-қон саласын толық цифрландыруға басымдық беріп отыр. Негізгі мақсат — шетел азаматтарына мемлекеттік органдарға бармай-ақ, барлық қажетті қызметті онлайн форматта алу мүмкіндігін жасау. Қазір көптеген процесс автоматтандырылып, бақылау мен тексерудің басым бөлігі жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде көші-қон саласында 60-қа жуық интеграциялық механизм жұмыс істейді.
Елде шетел азаматтарына арналған «QazETA» мемлекеттік цифрлық платформасы енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе көші-қон қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуге арналған. Платформа арқылы шетел азаматтары Қазақстанға келетінін алдын ала хабарлап, тұратын мекенжайын тіркей алады, шекарадан өткені туралы анықтама алып, электронды виза рәсімдейді және e-resident мәртебесіне өтініш бере алады.
Болашақта көші-қон қызметтерінің басым бөлігі осы жүйеге біріктіріледі. Яғни шетел азаматтары Қазақстанға келмей тұрып-ақ құжаттарын рәсімдеп, қажетті қызметтердің барлығын онлайн ала алады.
Сонымен бірге ІІМ қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда заңсыз миграция, адам саудасы, көші-қон режимін бұзу және шетел азаматтарының заңсыз әрекеттерге тартылуының алдын алу бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Көші-қон талаптарын бұзғандарға айыппұл мен түрлі санкциялар қолданылады.
Сондай-ақ Қазақстанда шетел азаматтарын тіркеу жүйесін қайта енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәртіпке сәйкес, шетелдіктерге 30 күн ішінде қай жерде тұратынын, қандай мақсатпен келгенін және елдегі мәртебесін нақты көрсету міндеттеледі. ІІМ бұл жүйе көші-қон процестерін тиімді бақылауға және қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.
