«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратДенсаулық

Дәрігер қазақтарға етті шектеуге кеңес берді

   Елордада жұмыс істеп жүрген қытайлық дәрігер Гао Фэн қазақтарға денсаулықты сақтау үшін етті тұтынуды шектеу және көкөністер мен жемістерді көбірек жеуді ұсынды. Сиань клиникасының жетекшісі әрі дәстүрлі қытай медицинасы маманы Гао Фэн Қазақстанда бір жыл бойы қызмет атқарып келеді. Оның пікірінше, дәстүрлі қытай медицинасы адамның ішкі тепе-теңдігін сақтауға бағытталған, әрі заманауи емдеу әдістерін толықтыра отырып, науқастардың тезірек сауығып кетуіне көмектеседі.

   Дәстүрлі қытай медицинасы бойынша адам өзін сау сезінгенімен, оның ағзасында кішігірім ақаулар болуы мүмкін екені ескеріледі. Осы кішкентай мәселелерді ерте анықтап, ушығып кетпеу үшін алдын алу шараларын қолдану маңызды дейді дәрігер. Оның айтуынша, жастар, әсіресе компьютер алдында көп уақыт өткізетіндер, өз денсаулығына ерте жастан көңіл бөлуі керек.

   «Қазіргі жастар көбінесе ұзақ уақыт компьютерде отырады. Сондықтан жиі қозғалып, дене белсенділігін арттыру маңызды. Кешке көп тамақ ішпеуге тырысыңыздар, ертерек ұйықтау да пайдалы болады. Қазақтар етті жақсы көреді, бірақ оны азайтып, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтынған дұрыс», – дейді Гао Фэн елордадағы Қытай елшілігінде өткен ашық есік күнінде.

   Қытайлық дәрігер Қазақстандағы дәстүрлі медицинамен танысып, екі елдің емдеу тәсілдерінің ұқсастығын атап өтті. «Қазақстанда емдік шөптер өте көп өседі. Қазақ дәстүрлі медицинасында да шөптер кеңінен қолданылады, бұл біздегі дәстүрлі қытай медицинасына ұқсас. Сіздердің де өзіндік емдеу рецептеріңіз бар. Біз бір-бірімізден үйренуіміз қажет», – деді ол.

   Гао Фэн Астанадағы клиника маңындағы табиғаттың байлығына таң қалғанын да жасырмады. «Клиника жанындағы паркте серуендегенде емдік шөптердің көптігі көзге түсті. Біз де осы шөптерді емдеуде пайдаланамыз», – деп бөлісті ол.

   Дәрігер қазіргі таңда бүкіл әлемде заманауи еуропалық медицина басым екенін, бірақ дәстүрлі медицинаны қосу арқылы емдеу тиімділігін арттыруға болатынын айтты. «Біздің мақсатымыз – еуропалық медицинаға дәстүрлі қытай медицинасының әдістерін қосу арқылы емді күшейтіп, қалпына келу уақытын қысқарту және тиімділігін арттыру», – деп сөзін қорытындылады Гао Фэн.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы Болат Назарбаевқа өткен зауыт мүлкін мемлекетке қайтарады

Қазақстанда дәрі-дәрмектерді белгілеу механизмі жаңартылады

Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары — Тоқаев

shyn_ar_admin