Премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласындағы жылу желілерінің жылыту маусымына белгіленген мерзімде дайын болмағанын сынға алды. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің тиісті салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Үкімет отырысында өңірлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы күн тәртібінен тыс талқыланды. Премьер-министр бұған дейін жылу көздері мен жылу желілерін 1 қазанға дейін толық әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.
«Жылыту маусымы жоспарға сай басталды. Бұған дейін жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін дайындауды тапсырған едім. Бір өңірден басқасының бәрі тапсырманы уақытында орындады», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сыны Семейдегі жылу инфрақұрылымына қатысты болды. Қаладағы жылу желілерін белгіленген мерзімге дейін толық дайындау жұмыстары аяқталмаған. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге жауапты облыс әкімінің орынбасары өз міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ.
Бектеновтің айтуынша, жалпы ел бойынша жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталған. Қазіргі таңда 11 өңірде жылу беріліп жатыр. Ал оңтүстік және батыс облыстарында жылыту маусымының басталу мерзімі ауа райы жағдайы мен бекітілген кестеге қарай айқындалады.
