«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеуметСаясат

85 мың теңгеге күн көру мүмкін емес – сарапшы дабыл қақты

Қазақстанда 85 мың теңге күнкөріске жетпейді – сарапшы
көрнекі сурет

Люк Триангл: «Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге – күнкөріске жеткіліксіз»

Астанада өтіп жатқан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдіріп, оның тым төмен екенін айтты.

«Елде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Жақында Алматыда болдым, енді міне, Астанадамын. Бұл сома күнкөріске жетпейтіні анық. Жалақы өмір сүруге жетерлік болуы тиіс. Қазақстан дәл осы үшін күресуі керек», – деді сарапшы өз сөзінде.

Люк Триангл бұл мәселенің Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) конвенциясының негізгі талаптарының бірі екенін де атап өтті.

Мұнай-газ саласының болашағы

Сонымен қатар сарапшы климаттық өзгерістерге байланысты алдағы уақытта қазба отындарға деген сұраныс біртіндеп төмендейтінін ескертті. Осыған орай, еліміздің батыс өңірінде орналасқан мұнай-газ саласы қызметкерлеріне жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін айтты.

«Бұл өңірге болашақ индустриясын табу қажет. Мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін жаңа өндірістер құрып, тұрақты жұмыс орындарын ашу керек. Егер климаттық өзгерістер салдарынан бұл қызметкерлер жұмыссыз қалса, бұл тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемдік кәсіподақтар қауымдастығы үшін де үлкен мәселе болмақ», – деді ол.

Әлеуметтік әділет және гендерлік теңдік

Съезд барысында халықаралық сарапшы Қазақстанда жұмысшылардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруды да ұсынды. Оның айтуынша, еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздікке қарсы нақты шаралар қабылдануы керек.

«Бірдей жұмысты атқаратын әйелдердің ерлерден аз жалақы алуы – әділетсіздік. Бірдей еңбекке – тең ақы төленуі тиіс. Осы бағытта белсенді әрекет етіп, өзгелерге үлгі болыңыздар», – деді Люк Триангл.


Еске сала кетейік, елордада өтіп жатқан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне 300-ге жуық делегат қатысуда. Съезд барысында еңбек нарығындағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік әділдікке қатысты ұсыныстар кеңінен талқылануда.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Отан қорғаушылар күніне орай шенеуніктерге ордендер табыстады

Redaktor Shyn-Ar

Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты жиын өткізді

Redaktor Shyn-Ar

Қызылорда – Астана бағытындағы пойызда әйел өздігінен босанып сәбиін терезеден лақтырып жіберген

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу