Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында мемлекеттік тілдің мәртебесі кеңінен талқыланды. Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тілінің орны айқын әрі нақты бекітілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, Ата заңның бірінші бөліміндегі 9-баптың 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі тек қазақ тілі екені анық көрсетілген.
Мемлекеттік кеңесші бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын былай деп жеткізді:
«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі тайға таңба басқандай нақты жазылған. Яғни, елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді».
Сонымен қатар Ерлан Қарин мемлекеттілікті сақтау жолында ең алдымен ел бірлігін нығайту маңызды екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау әрдайым мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
