Қазақстан мұнай-газ саласында дәстүрлі шикізаттық бағыттан бас тартып, терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұл – экономиканы әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жаңа өндірістерді дамытуға бағытталған стратегиялық қадам.
Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – 2022 жылы KPI Inc. базасында Атырауда іске қосылған жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химиялық кешен. Іске қосылғалы бері кәсіпорында 800 мың тоннадан астам өнім өндірілді, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 375 мың тонна полипропилен шығарылған. Қазіргі таңда зауыт ішкі нарықтағы сұраныстың 83%-ын қамтамасыз етіп, импорт үлесін айтарлықтай қысқартты.
Саладағы тағы бір маңызды жоба – 2021 жылы Шымкентте пайдалануға берілген, жылына 57 мың тонна метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін зауыт. Кәсіпорын ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік берді.
Қазір стратегиялық маңызы бар жаңа өндірістердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Бұл жоба ерекше маңызды, себебі қазіргі уақытта еліміздегі полиэтиленге деген сұраныс толықтай импорт есебінен жабылып отыр.
Сонымен қатар, жылына 100 мың тонна алкилат өндіретін зауытты 2027 жылы іске қосу көзделген. Жоба құрылыс кезеңінде. Бұдан бөлек, жобалау сатысында тағы екі ірі өндіріс бар: жылына 800 мың тонна карбамид шығаратын кешен және 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін жоба. Екеуін де 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Полипропилен мен полиэтилен – заманауи өнеркәсіптің негізгі материалдары. Полипропилен тамақ өнеркәсібінде термотөзімді қаптамалар мен контейнерлер жасауға, медицинада бір реттік бұйымдар өндіруге, автокөлік және құрылыс саласында түрлі бөлшектер мен құбырлар шығаруға кеңінен қолданылады. Ал полиэтилен икемді қаптамалар, пленкалар, тұрмыстық химияға арналған берік ыдыстар, кабель оқшаулағыштары және газ бен су құбырларын өндіруде таптырмас шикізат болып саналады.
Бұл полимерлердің отандық өндірісін дамыту ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге ғана емес, сондай-ақ жергілікті гранулалар негізінде дайын өнім шығаратын жүздеген шағын және орта кәсіпорын үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саланы жүйелі дамыту мақсатында Энергетика министрлігі 2024 жылдың қазан айында 2030 жылға дейінгі мұнай-газ химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасын қабылдады. Сонымен бірге «Мұнай-газ химия өнеркәсібі туралы» профильдік заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжаттар жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекітіп, Қазақстанда толыққанды мұнай-газ химия кластерін қалыптастыруға негіз болмақ.
