«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Шенеуніктер халыққа жұмыс істеуі тиіс – депутат

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметкерлердің халықтан алшақтап кеткенін және көбіне басшылықтың көңіліне қарап жұмыс істейтінін сынға алды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет билікке емес, халыққа қызмет етуі тиіс.

“Мемлекеттік қызмет – бұл билікке қызмет емес, халыққа қызмет. Өкінішке қарай, орталық және жергілікті деңгейдегі көптеген қызметкерлер өз міндетін халыққа емес, жоғары басшылыққа қызмет ету деп түсінеді. Сондықтан біз бұл парадигманы түбегейлі өзгертуіміз керек. Мемлекеттік қызметтің концепциясын қайта қарау қажет”, – деді депутат.

Базарбектің сөзінше, қазіргі заң жобасына бірқатар маңызды ұсыныстар енгізіліп жатыр, алайда бұл мемлекеттік қызметтің беделін толық көтеруге жеткіліксіз. Ол мемлекеттік қызметкерлердің психологиясын өзгертіп, халықтың мүддесіне басымдық беретін жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар депутат қазіргі таңда басшылар жауапкершілікті төменгі буындағы қызметкерлерге жүктейтінін айтты. Осы мәселені шешу үшін ол бірнеше ұсыныс жасады.

Біріншіден, азаматтарға “сырғытпа жауап” беретін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту қажет. Оның айтуынша, мұндай нормалар заңда нақты қарастырылмаған және оны құқықтық тұрғыда реттеу керек.

Екіншіден, халықтың әкімдердің есебіне көңілі толмаған жағдайда, оны қабылдамау тетіктерін енгізу ұсынылды. Тіпті, мұндай жағдайда әкімді қызметінен босату механизмдерін қарастыру қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, депутат әрбір мемлекеттік қызметкерді халық бағалай алатын арнайы ақпараттық жүйе енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі таңда кейбір шенеуніктер ашық ақпаратты жасыруға тырысады.

Базарбек мемлекеттік қызметтің беделі төмендеп бара жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, жастар мемлекеттік қызметке келуден гөрі, бизнес саласына бет бұруда.

“Жастар мемлекеттік қызметке келгісі келмейді. Себебі қысым көп, тексеріс көп. Ал заңбұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік көбіне қарапайым мамандарға жүктеледі”, – деді ол.

Осыған байланысты депутат жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін “кінәлілік презумпциясын” енгізуді ұсынды. Бұл норма бойынша заңсыз тапсырма берген басшы жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Сондай-ақ, ол “командалық ауыс-түйіс” тәжірибесіне мораторий жариялауды ұсынды.

“Жаңа әкім немесе министр келгенде, өзімен бірге ондаған адамды алып келеді. Бұл тәжірибені тоқтату керек. Кем дегенде үш жыл бұрынғы команда жұмысын жалғастыруы тиіс”, – деді депутат.

Ал Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарды депутаттың өзі жетекшілік ететін комитет қарастырып жатқанын айтты.

“Қазақстанда 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Олардың барлығы билікке қызмет етеді деген пікірмен келіспеймін. Мемлекеттік қызметте адал, патриот азаматтар көп”, – деді Қошанов.

Сонымен қатар ол мұндай мәселелерді көтергенде байыппен сөйлеу қажет екенін ескертті.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы қаласына жаңа мәртебе беріледі

БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІНДЕГІ ШӘКӘРІМ

Redaktor Shyn-Ar

Шерзаттың өлімі: Күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар