«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпаратДенсаулық

106 медициналық құрылғы тексерусіз қолданылған: Алматы ауруханасына айыппұл салынды

Алматыдағы ауруханада тексерілмеген медициналық жабдықтарды қолдану фактісі анықталды. Жоспардан тыс тексеру барысында Орталық қалалық ауруханада бірқатар өрескел заңбұзушылықтар тіркеліп, мекемеге айыппұл салынды.

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 11 ақпанға дейін ауруханада 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылған.

Аталған құрылғылар типін бекіту мен метрологиялық аттестациядан өтпеген, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және міндетті тексерулерден өткізілмеген. Соған қарамастан, олар медициналық көмек көрсету кезінде қолданылған. Бұл модульдер жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы сияқты маңызды көрсеткіштерді бақылауға арналған. Мамандардың айтуынша, мұндай жабдықтардың дәлдігі расталмай пайдаланылуы клиникалық шешімдерге әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Тексеру нәтижесінде медициналық ұйым Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптарын бұзғаны анықталды. Барлық заңбұзушылықтар тексеру материалдарымен расталды.

Бақылау қорытындысы бойынша мекемеге анықталған кемшіліктерді жою туралы міндетті нұсқама берілді. Жабдықтарды пайдалану заң талаптарына толық сәйкестікке келтірілуі тиіс.

Жіберілген бұзушылықтар үшін аурухана Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 600 айлық есептік көрсеткішті (2 595 000 теңге) құрап, белгіленген тәртіппен төленді.

Департамент өкілдері метрологиялық талаптарды сақтау пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды екенін атап өтті. Белгіленген нормалардан кез келген ауытқуға жол берілмейді.

Ұқсас жаңалықтар

МӘМС қаржысын жымқыру: Мемлекетке келген шығын 2 млрд теңгеге жетті

Ұлттық экономика министрлігіне жаңа вице-министр тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: БАҚ ресейлік әскеридің соққы туралы түсініктемесін жариялады