Көкшетауда тұрғын үй ауласында әйелді көлік қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Кейін белгілі болғандай, көлік тізгінінде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі ол арнайы автомектепте оқымаған.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 52 жастағы әйелдің өліміне байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды.
“Жол апаты кезінде көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны және арнайы оқудан өтпегені анықталды. Осыған байланысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар көлік иесі — күдіктінің жұбайына қатысты да іс қозғалды. Тергеу мәліметінше, ол жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат берген. Аталған бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
11 мамыр күні күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Еске салайық, қайғылы оқиға Көкшетаудағы тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс аумақта болған. Көлік қаққан әйел сол жерде жан тапсырған.
Кейін марқұмның 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келгені белгілі болды. Қазір бала анасынан айырылып, жалғыз қалған.
