Алматы облысында 20 түрлі дәрі-дәрмек өндіретін фармацевтикалық зауыт салынады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe Pharmaceuticals» ЖШС арасында Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу туралы келісім жасалып, Үкімет тарапынан мақұлданды.
Жаңа фармацевтикалық зауытта дәрілік препараттардың 20 түрін шығару жоспарланған. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар.
Үкіметтің мәліметінше, кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға жоспарланған. Ал 2032 жылы жоба толық өндірістік қуатқа шығып, 2034 жылға қарай негізгі бағыттар бойынша толық циклді өндіріске көшеді.
Аталған жоба еліміздің дәрілік қауіпсіздігін күшейтіп, Алматы облысында заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кешен аясында дәрі-дәрмек өндіру мен сертификаттаудан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ биоэквиваленттілік зерттеулерін өткізу, тіркеу құжаттарын әзірлеу және халықаралық GMP стандарттарын енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, кешен базасында қазақстандық мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі қалыптастырылады.
