2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланып, елде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) салаларын дамытуға бағытталған жұмыстар күшейтілуде.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Жиында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу қазіргі таңда мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналғаны атап өтілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде белгіленді. Осы бағытта цифрлық экономиканы дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, жаңа Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтарына қатысты нормалар енгізіліп, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Сонымен қатар Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» және «Киберқауіпсіздік туралы» заңдар қабылданды.
Трансшекаралық деректер алмасудың қауіпсіз әрі сенімді жүйесін қалыптастыру мақсатында Cloud First Policy және Data Embassy сияқты жаңа реттеу тетіктері енгізілуде.
Қазақстан сондай-ақ жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жобаларды іске асыруда. «ДӨО алқабы» флагмандық жобасы аясында ел Firebird AI компаниясымен ЖИ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған құны 10 млрд АҚШ долларын құрайтын келісім жасады.
Үкіметтің мәліметінше, цифрлық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін Үкімет жанынан арнайы цифрлық штаб жұмыс істейді.
Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту – тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың маңызды бағыты. Біз шетелдік серіктестердің еліміздің инвестициялық ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін инвесторлармен ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге дайын», – деді Олжас Бектенов.
