Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Кездесу қорытындысында тараптар 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен оны іске асырудың жол картасына қол қойды.
Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Шанхай қаласында өткен Жасанды интеллект жөніндегі конференцияға шақырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс білдіріп, бұл шараның Қытайдың ірі ғылыми-технологиялық орталықтарының бірінде ұйымдастырылуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтап, Қытайдың халықаралық аренадағы беделі мен экономикалық жетістіктеріне жоғары баға берді.
«Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға әрдайым мүдделі. Соңғы жылдары екі ел арасындағы саяси диалог жаңа деңгейге көтерілді. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Біз өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып келеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамып келеді. Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келген. Екі елдің астаналарында мәдени орталықтар ашылып, Қазақстанда Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеп жатыр.
Кездесуде халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму мәселелері де сөз болды. Тараптар БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл екі халықтың ортақ мүддесіне толық сәйкес келеді», – деді ҚХР Төрағасы.
Си Цзиньпин сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де зор екенін айтты.
Келіссөз қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен оны жүзеге асырудың жол картасына ресми түрде қол қойылды. Бұл құжат алдағы жылдары екі елдің сауда, инвестиция және өндірістік кооперация салаларындағы байланысын одан әрі дамытуға бағытталған.
