«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратЗаң

Жақында «Құрмет» орденін алған Satbayev University проректоры пара алды деген күдікпен ұсталды

Алматыда Satbayev University проректоры Ержан Кульдеев ұсталды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.

Дереккөз мәліметінше, Кульдеев қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Оның әрекеті алдын ала сөз байласу арқылы пара беру ретінде сараланған. Қылмыстық істі ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр. Тергеу барысында оған өзге де баптар бойынша қосымша айып тағылуы мүмкін.

Ержан Кульдеев — Satbayev University-дің ұзақ жылдар бойы еңбек еткен өкілдерінің бірі. Ол шамамен 40 жыл бұрын осы оқу орнына студент болып түсіп, кейін университетте қызметін жалғастырған. Оқытушылықтан бастап, түрлі басшылық қызметтер атқарып, корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор лауазымына дейін көтерілген.

Кульдеевтің ғылыми және кәсіби жетістіктері де бар. Ол Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик және Халықаралық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.

Айта кетейік, 2026 жылғы сәуірде Ержан Кульдеев ғылым саласындағы жетістіктері және жоғары білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Кульдеевтің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталуы мүмкін.

Бұған дейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековке қатысты да қылмыстық іс қозғалған еді. Ол бас есепші Жанайым Спабековамен бірге университет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп танылып, 2020 жылы сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. 2023 жылы оның жазасын жеңілдету туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Кейін оған рақымшылық қолданылып, қамауда өткізген мерзімі қайта есептелгеннен кейін жазасын толық өтеген деп танылып, бостандыққа шықты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда АЭС құрылысы қашан басталатыны белгілі болды

Әскерилер, полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың азық-түлігіне киік еті пайдаланылуы мүмкін

Зеленский бейбітшілік үшін кез келген диалогтан бас тартпайтынын мәлімдеді