Halyk қоры Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен оқу-жаттығу барысында қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсету мақсатында 25 млн теңге бөледі.
Сонымен қатар Halyk Bank мерзімді әскери қызметшілердің банк алдындағы қарыздарын толықтай кешіру туралы шешім қабылдады.
Қор мен банк басшылығы қаза болған әскери қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ауыр қайғыларына ортақ екенін жеткізді.
«Жақын адамнан айырылу – сөзбен айтып жеткізгісіз ауыр қасірет. Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Осы қиын күндері олардың жанынан табылып, қолдан келгенше қолдау көрсеткіміз келеді», – делінген Halyk қоры мен Halyk Bank мәлімдемесінде.
Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде болған. Қаза тапқан әскери қызметкерлерге байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
