«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Қазақстанда инфляция 2027 жылы 7,5–9,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін

Қазақстанда инфляцияның алдағы үш жылда біртіндеп төмендеуі күтіледі. 2027 жылы оның деңгейі 7,5–9,5 пайыз аралығында, ал 2028–2029 жылдары 6–8 пайыз шамасында болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдың жалпы отырысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.

«Инфляция бойынша болжамда оның біртіндеп төмендеуі қарастырылған. Болжамды дәліз 2027 жылы 7,5–9,5 пайыз, ал 2028–2029 жылдары 6–8 пайыз деңгейінде белгіленді», – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, 2027 жылы республикалық бюджеттің кірістері 19 триллион теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына тең. Биылғы бағалаумен салыстырғанда бюджет кірістері 2,8 триллион теңгеге артады деп күтілуде.

Кірістердің өсуіне экономиканың дамуы есебінен түсетін қосымша 1,7 триллион теңге, қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару сомасының азаюынан түсетін 1,1 триллион теңге және өзге де факторлар әсер етпек. Сонымен бірге салық түсімдерінің 0,5 триллион теңгеге төмендеуі болжанып отыр.

Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемі де белгілі болды. Кепілдендірілген трансферт 2027 және 2028 жылдары 2,43 триллион теңгеден, ал 2029 жылы 2 триллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 2027 жылы Ұлттық қордан 2 триллион теңге, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 триллион теңгеден нысаналы трансферт бөлу жоспарланған.

«Бұл қаражат аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады», – деді министр.

Болжамға сәйкес, Ұлттық қордың таза валюталық активтері де алдағы үш жылда өсуі мүмкін. Атап айтқанда, 2027 жылы бұл көрсеткіш 65,2 миллиард долларды, 2028 жылы 67,3 миллиард долларды, ал 2029 жылы 70,6 миллиард долларды құрайды деп күтілуде.

Айта кетейік, тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін баяулаған. Бір айда тұтыну бағалары 0,6 пайызға өсті. Инфляцияның төмендеуіне азық-түлік бағасының өсу қарқынының баяулауы ықпал етті: азық-түлік инфляциясы шілдедегі 10,1 пайыздан тамызда 9,5 пайызға дейін төмендеді.

Сонымен қатар Ұлттық банк 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9–12 пайыз аралығында болады деп болжап отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бір палаталы Парламент құру туралы өз пікірін білдірді

Redaktor Shyn-Ar

Домбыра күніне арналған тағылымды кездесу өтті

Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 триллион теңге беріледі