«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Алматылықтар арықтарды бетон плиталарымен жабуға қарсы шықты

Алматы тұрғындары қаладағы ашық арықтарды бетон плиталарымен жабуға қарсылық білдіріп, оларды бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция бастады. Қазіргі таңда қаладағы ашық арықтардың шамамен 15 пайызы жабылған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыс тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Бұрын тротуар бойымен ашық ағатын арықтар жер астына жасырылып, олардың орнына кең жаяу жүргіншілер аймағы мен веложол салынған. Нәтижесінде қоғамдық кеңістіктің аумағы кеңейген. Ал су ағатын жүйенің сақталғанын тек арнайы кілтпен ғана ашылатын кәріз қақпақтары көрсетеді.

Шенеуніктердің айтуынша, мұндай шешімге қауіпсіздік мәселесі себеп болған. Екі ай бұрын нөсер жаңбыр кезінде бір азамат арыққа құлап, оқиға орнында қаза тапқан.

Алайда тұрғындардың бір бөлігі ашық арықтар Алматының экожүйесінің маңызды бөлігі екенін алға тартады. Олардың пікірінше, арықтарды жабу жаңбыр суының жиналу қаупін күшейтіп, жасыл желекке кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар жабық арықтарды тазалау қиындап, қоқыс пен жағымсыз иістің жиналуына, кеміргіштердің көбеюіне ықпал етеді деп есептейді.

Экологтар да бұл алаңдаушылықтың негізсіз еместігін айтады. Мамандардың пікірінше, арықтар қаланың табиғи салқындауына және ауаның ылғалдануына әсер етеді. Сондай-ақ олар құстар үшін маңызды су көзі саналады. Егер ашық арықтар азайса, құстардың саны кеміп, зиянкестердің көбеюі және смогтың күшеюі мүмкін.

Ал қала билігі арықтардың толық жабылып жатпағанын, тек адам өміріне қауіп төндіретін бөліктері ғана бетон плиталарымен жабылып жатқанын мәлімдеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, арықтардың негізгі қызметі – жауын-шашын мен еріген қар суын бұру жүйесі толық сақталады. Сонымен қатар жасыл желектер қазіргі таңда заманауи суару жүйелері арқылы суарылады.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Шыңғыс Бақытжанның сөзінше, ашық арықтар әсіресе балалар, қарттар және арбамен жүретін ата-аналар үшін қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, арықтарға жиі қоқыс, жапырақ пен құм жиналып, су өткізу қабілетін төмендетеді әрі оларды күтіп ұстау шығынын арттырады.

Соған қарамастан, петиция авторлары мен оған қолдау білдірушілер ашық арықтар Алматының тарихи келбеті мен табиғи экожүйесінің ажырамас бөлігі екенін айтып, бетонмен жабылған арықтарды қайта ашуды талап етіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияның мерзімін жариялады

Redaktor Shyn-Ar

Казахстанцам сообщили хорошую новость по ипотечной программе «7-20-25»

2026 жылдан бастап ажырасу, паспорт пен жүргізуші куәлігін жасату қымбаттайды