Украина тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының украин халқына, оның тарихына, мәдениеті мен тіліне ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Украинада халықаралық құқық нормаларына негізделген бейбітшілік орнауына мүдделі екенін нақты жеткізді.
Президент Астананың басынан бастап әділеттілікке негізделген бейбіт шешім іздеуді жақтағанын, сондай-ақ БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын үнемі басшылыққа алатынын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыппен шешу аса маңызды. Бұл ретте тараптар көне нақылдағы «Жанжалдан, жаман болса да бітім артық» қағидатын ұстануы қажет екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ территориялық даулардың халықаралық қатынастардағы ең күрделі мәселе екенін, бейбіт келісімге келуде бұл жиі кедергі болатынын атап өтті. Дегенмен қазіргі басым міндет – Украина мемлекетінің қауіпсіздігін халықаралық кепілдіктер арқылы қамтамасыз етіп, мемлекеттілігін сақтау.
Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Украина арасындағы өзара мүддеге сай келетін түрлі салаларда белсенді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін білдірді.
