«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

2027 жылдан жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді

Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібі өзгереді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қандай жәрдемақылар қамтылады?

Жаңа тәртіп мынадай жәрдемақыларға қатысты:

  • бала туған кезде берілетін жәрдемақы;
  • бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы;
  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» иегерлеріне берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектік бойынша жәрдемақы;
  • асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы;
  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы;
  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Әлеуметтік жағдай да ескеріледі

Жәрдемақылардың басым бөлігі мұқтаждық қағидаты бойынша тағайындалады. Яғни адамның немесе отбасының әлеуметтік жағдайы бағаланады.

Бұл үшін кәмелетке толған отбасы мүшелерінің деректерін жинауға және тексеруге келісімі қажет болуы мүмкін. Бағалау кезінде банк шоттары, кредиттік міндеттемелер және заңмен рұқсат етілген басқа да мәліметтер ескеріледі.

Алайда бұл талап барлық жәрдемақыға қолданылмайды. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне және кейбір санаттағы азаматтарға берілетін жәрдемақылар әлеуметтік жағдайды бағалаусыз тағайындалады.

Қандай жағдайда төлем уақытша тоқтатылады?

Жәрдемақы мына жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін:

  • банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт шығыс операциялары болмаған жағдайда;
  • алушы Қазақстаннан тұрақты тұруға кеткенде;
  • сот шешімімен бас бостандығынан айырылғанда;
  • қажетті құжаттардың мерзімі аяқталғанда;
  • алушы немесе бала толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынғанда;
  • заңда көрсетілген басқа да жағдайларда.

Төлемді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылса, азамат қажетті құжаттарды ұсыну арқылы жәрдемақыны қайта бастата алады.

Көпбалалы отбасыларға қатысты

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы үшін отбасында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған бала болуы керек.

Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін күндізгі бөлімде оқуын жалғастырса, жәрдемақы төлеу қайта басталуы мүмкін. Бұл жағдайда төлем бала 23 жасқа толғанға дейін жалғасады.

Қандай жағдайда жәрдемақы толық тоқтатылады?

Жәрдемақы алушының немесе төлемге негіз болған баланың қайтыс болуы, жалған мәлімет беру, ата-ана құқығынан айырылу, бала асырап алудың күшін жою немесе Қазақстан азаматтығының тоқтатылуы сияқты жағдайларда төлем толық тоқтатылуы мүмкін.

Мүгедектік бойынша жәрдемақыға қатысты да осындай талаптар қарастырылған. Бұған қоса, азаматтың шетелде мүгедектік бойынша зейнетақы алып отырғаны анықталса, төлем тоқтатылуы мүмкін.

Жерлеуге берілетін төлем

Қайтыс болған зейнеткердің отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға біржолғы жерлеу төлемі беріледі.

Оның мөлшері:

  • жалпы жағдайда — 35 АЕК;
  • Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда — 36,6 АЕК.

Қаулы қашан күшіне енеді?

Үкіметтің №870 қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қостанайда жарты сағатта көшелерді су басты

Павлодарда жетім балаға тиесілі үйде аудан әкімінің орынбасары тұрып келген

Қазақстандық әскерге шақырылушылардың суицидке бейімділігі тексеріледі

Redaktor Shyn-Ar