«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемБасты ақпарат

Қазақстан Ресейдегі қақтығыс аймағында қалған азаматтарын елге қайтару үшін келіссөз жүргізіп жатыр

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақта қалған қазақстандық азаматтарды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта Ресей аумағындағы қазақстандықтардың өтініштері жиналып, әрбір дерек жеке тексерілуде.

«Оларды Отанына қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жедел желіге өтініштер әлі де түсіп жатыр. Әрбір өтініш бойынша ақпарат тексерілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін жасақталған тізім Ресей тарапына жіберіледі», – делінген СІМ хабарламасында.

Ведомство Ресей тарапының өкілдерімен бұл мәселе бойынша әртүрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатылғанын атап өтті.

Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған бір топ қазақстандық әлеуметтік желі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді. Қазақстан азаматы Қайсар Алмаздың айтуынша, оларға бір-екі күн ішінде Қазақстанға жеткізілетіні хабфарланған. Алайда арада он күн өтсе де, азаматтар нақты ақпарат ала алмаған.

Олардың сөзінше, соғыс аймағына жіберілуіне санаулы күн қалған. Осыған байланысты азаматтар шұғыл көмек сұрап, өздерін Қазақстанға қайтаруды өтінген.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандықтар Ресейге күзет саласында жұмыс істеу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға әскери міндеттер жүктелетіні айтылған.

Бейнеүндеулер әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды Ресейдегі қақтығыс аймағынан елге қайтару мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Қазіргі таңда азаматтардың деректері нақтыланып, оларды елге қайтару бойынша Ресей тарапымен келіссөздер жалғасып жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Дәрігерлер үшін ЭЦҚ міндеттеле ме? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді

Дженнифер Лопестің концерті кезінде Алматыда бірнеше көше жабылады

Redaktor Shyn-Ar

Қорғаныс министрлігі Қазақстан дипломатының Польшада ұсталғанын растады

Redaktor Shyn-Ar