«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Алматыда нан, жұмыртқа және қант бағасы тұрақтандырылады

Алматы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

2026 жылғы 18 мамырдағы ақпаратқа сәйкес, осы мақсатта «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «АЛМАТЫНАН» нан-тоқаш комбинаты арасында әлеуметтік қалыптағы «кірпіш» нан өндіру және сату жөнінде келісім жасалған.

Келісім аясында бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын 3 846 154 бөлке бидай наны саудаға шығарылады. Бір бөлкенің босатылу бағасы 130 теңге болып белгіленді, ал сауда үстемесі 15 пайыздан аспайды. Кейбір дүкендер мен сауда желілері өнімді үстемесіз сатуы да мүмкін.

Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру шаралары 2027 жылдың мамырына дейін жалғасады. Өнім ірі супермаркеттер мен шағын азық-түлік дүкендерінде қолжетімді болады.

Қалада әлеуметтік маңызы бар өзге де азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта өңірлік тұрақтандыру қорының тетіктері, өндірушілерді жеңілдетілген қаржыландыру және форвардтық келісімшарттар қолданылуда. Бағаны тұрақтандыру шараларын «Алматы» ӘКК жүзеге асырады.

Әсіресе жұмыртқа, құс еті және қант бағасына ерекше назар аударылған.

Мысалы, «Сары-Бұлақ» құс фабрикасымен бірінші санаттағы 86,4 миллион жұмыртқаны белгіленген бағамен жеткізу туралы келісім жасалды. Бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Өнім Magnum, Small, Metro, A-Store сауда желілерінде және «Алатау-құс» дүкендерінде сатылады.

Сонымен қатар «Алатау-құс» және Nauryz Agro KZ компанияларымен құс еті бағасын тұрақтандыру жөнінде келісімдерге қол қойылған.

«Алатау-құс» фирмалық дүкендерінде сан еті мен жілік 1 келісі 1100 теңгеден, ал сирақ 1650 теңгеден сатылып жатыр. Ал Nauryz Agro KZ компаниясымен сан еті мен жіліктің бағасы 1 келісі үшін 1300 теңге деңгейінде бекітілді.

Magnum Cash&Carry сауда желісінде бұл өнімдерді 1 келісі 1495 теңгеден аспайтын бағамен сатып алуға болады. Құс еті бағасын тұрақтандыру шаралары үш жылға дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, «Алматы» ӘКК жергілікті өндірушілерден 4,5 мың тонна түйіршіктелген қант сатып алған. Қант Magnum, Small, Toimart, «Столичный», «Юбилейный» және өзге де сауда орындарында 10 пайыздан аспайтын үстемемен сатылып жатыр.

Қанттың босатылу бағасы 1 келісі үшін 405 теңге болып белгіленген. Бағаны тұрақтандыру шаралары биылғы қараша айына дейін жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар

Өзбекстанда кітап оқыған тұтқынның жаза мерзімі қысқаруы мүмкін

Жастардың кеш үйленуі: әлеуметтік өзгеріс пе, әлде демографиялық қауіп пе?

Россия и Украина завершили третий раунд переговоров в Стамбуле